Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Осы апта ішінде орталық меморгандарда басшылық құрамдағы кадрлық ауыс-түйіс орын ала қойған жоқ. Дегенмен, жергілікті атқарушы билікте бірқатар кадрлық тағайындаулар орын алып, Солтүстік Қазақстан облысында екі аудан әкімі жаңа қызметке кіріссе, Павлодар облысында басқарма басшылары тағайындалды, ал Астана қаласы мен Ақтөбе облысында жаңа судьялар жайлы орындарына жайғасты. «ҚазАқпарат» осы апта ішінде республикада орын алған кадрлық өзгерістерге шолу жасайды.

  • 15 Желтоқсан 2012
  • 514
Фото - Caravan.kz

Сонымен Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләловтің өкімімен Жамбыл ауданының әкімі қызметіне Владимир Николаевич Балахонцев тағайындалды. Ол әр жылдарда Есіл ауданының әкімі, СҚО әкімінің орынбасары, Ақмола облысы Бурабай ауданының әкімі болды. Ал Айыртау ауданының әкімі лауазымына Амантай Қаратайұлы Сейфуллин келді. А.Сейфуллин әр жылдары Қостанай облысы Ұзынқол және Қарасу аудандарының әкімі қызметін атқарды. Осы уақытқа дейін «САД-НҰР» ЖШС атқарушы директоры қызметінде болды.

Павлодар облысының әкімі Ерлан Арынның өкімімен Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы қызметіне Әлия Арынова тағайындалды. Ә.Арынова 1998 жылы экономист-менеджер мамандығы бойынша Павлодар мемлекеттік университетін және 2006 жылы құқықтану бакалавры бойынша Еуразия Инновациялық университетін тәмамдаған. Университетті бітірген соң облыстың экономика департаментіне жұмысқа орналасқан. 2003-2004 жылдары «Инжиниринг және технология трансферті» АҚ-да және экономист-менеджер болып «Павлодарэнерго» АҚ-да қызмет етті. 2005 жылдан бастап бас маман, Павлодар облысы Экономикалық және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары, 2011-2012 жылдары Павлодар облысы әкімінің кеңесшісі болып қызмет етті. 2012 жылдың ақпан айынан ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің кеңесшісі болды.

Сондай-ақ осы облыста өңір басшысы өкімімен Балтабек Қибадатұлы Жаңабаев Павлодар облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы болып қызметке кірісті. Б.Жаңабаев 1973 жылы туылған, сәулетші мамандығы бойынша Өскемен жол-құрылыс институтын тәмамдаған. 1996 жылдан бастап «Нива» ЖШС-те сәулетші-дизайнер болып жұмыс істеген, 2001-2004 жылдары — «Пик-Тайм» ЖШС-тің сәулетші-дизайнері. 2004 жылдан бастап мемлекеттік қызметте, Павлодар қаласы сәулет және қала құрылысы басқармасының бастығы — Павлодар қаласының бас сәулетшісі, Павлодар қаласы қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді. 2006 жылы — «Павлодар облысы сәулет және қала құрылысы департаментінің Күрделі құрылыс басқармасы» КМК-ның маманы. 2007-2011 жылдары — «Геодезия және картография-ПВ» ЖШС директорының орынбасары, директоры. 2011 жылдан бастап осы лауазымға тағайындалмас бұрын Павлодар облысы сәулет және қала құрылысы басқармасының аумақты жоспарлау және құрылыстарды салу бөлімінің бастығы болып жұмыс істеді.

Павлодар облысы әкімі Ерлан Арынның өкімімен Әлібек Ермұханұлы Несіпбеков облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы болып тағайындалды. Ә. Несіпбеков 29 жаста, ол Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын қаржы және несие мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2006 жылы «Қазақалтын» ТКМК» АҚ-ның Астана қаласындағы өкілдігінде менеджер болып бастаған. 2008-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Инвестиция комитетінің халықаралық байланыстар жөніндегі сарапшысы, Инвестиция комитетінің Инвестициялық ынтымақтастық, тікелей шетелдік инвестициялар, инвестициялық преференциялар басқармасының сарапшысы болып жұмыс істеген. 2010-2012 жылдары — Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Инвестиция комитетінің Инвестициялық саясат басқармасының бас сарапшысы, бастығы. 2012 жылғы тамыздан бастап осы уақытқа дейін Павлодар облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет етті.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы соттарының төрағалары мен судьяларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы» Жарлығына сәйкес, Қайырбеков Амангелді Зикенұлы Қарағанды облысы Қарағанды қаласының № 2 Октябрь аудандық сотының төрағасы қызметінен және Тәшетов Отан Мейрамханұлы № 2 Алматы аудандық сотының төрағасы қызметінен босатылып, Астана қалалық сотының судьялары болып тағайындалды. Сонымен қатар, Алжықов Қуанышбай Сақтапбергенұлы Қарағанды облыстық сотының судьясы болып тағайындалуына байланысты Астана қаласының Алматы аудандық сотының төрағасы қызметінен, Ташева Әлия Иманәліқызы Оңтүстік-Қазақстан облыстық сотының судьясы болып тағайындалуына байланысты Астана қалалық сотының судьясы қызметінен, Тоқболатов Талғат Ибрагимұлы Қарағанды қаласы Октябрь аудандық сотының төрағасы болып тағайындалуына байланысты Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы қызметінен босатылды. Сондай-ақ басқа жұмысқа ауысуларына байланысты алып отырған лауазымдарынан өз еріктерімен Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы Әлімжанова Маржан Жағыпарқызы және Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Курбатов Евгений Владимирович босатылды.

Ақтөбе облысында да бірқатар жаңа судья қызметтеріне кірісті. 13 желтоқсан күні өткен өңір судьяларының пленарлық отырысында облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов ҚР Президентінің 2012 жылғы 6 желтоқсандағы № 445 Жарлығымен тағайындалған судьяларды құттықтады. Аталған Жарлыққа сәйкес облыстық сот судьяларының қызметіне 5 адам тағайындалды, олар — бұған дейін қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы қызметін атқарған Шапағат Алнияз, Қарағанды облысындағы Балқаш қалалық мамандандырылған әкімшілік соты төрағасы болған Еркін Жапаров, мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы болған Жаңлай Мәмбетова, бұған дейін Ақтөбе қалалық сотының судьясы болып жұмыс істеген Жұманәлі Түленов, мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы болған Нүрилә Сатыбалдина.

Сондай-ақ Әйтеке би аудандық сотының судьясы қызметіне бұған дейін Ақтөбе қалалық сотының судьясы болған Мұрат Мұхамбетқалиев тағайындалды. Ақтөбе облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы қызметіне Мақсат Үрінбаев тағайындалды, ол Ақтөбе қалалық сотының судьясы қызметінен босатылды. Бұған дейін Мартөк аудандық сотының судьясы болып қызмет атқарған Ботагөз Алмасбаева Ақтөбе қалалық сотының судьясы болды. Шалқар аудандық сотының төрағасы болып жұмыс істеген Айтуған Махамбетов қызметінен босатылып, Шалқар аудандық сотының судьясы болып тағайындалды.

Соңғысы, «Қазақстан халық банкі» АҚ ірі акционер «АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ-ның өкілі ретінде Жомарт Досанқұлұлы Нұрабаев Директорлар кеңесінің жаңа мүшесі болып сайланды. Ж.Нұрабаев ағымдағы жылдың желтоқсанынан бастап «АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ-ның Басқарма төрағасы және Директорлар кеңесінің мүшесі болып табылады. Бұған дейін ол 1995 жылғы желтоқсаннан 2000 жылғы қарашаға дейін Алматы қалалық салық комитетінде бөлім бастығы, басқарма бастығы, Жетісу, Алмалы, Медеу аудандарының салық комитеті төрағасының орынбасары болды. 2000 жылғы қарашадан 2003 жылғы мамырға дейін «ТрансОйлИнвестментс» ЖШС қаржы директоры, 2003 жылғы мамырдан 2005 жылғы қыркүйекке дейін «АЛМЭКС» фирмасы» ЖШС қаржы директоры, 2005 жылғы қыркүйектен 2007 жылғы шілдеге дейін «АЛМЭКС» холдинг тобы» АҚ-ның Қаржы директоры — Басқарма мүшесі және 2007 жылғы тамыздан 30 қарашаға дейін Басқарма төрағасының орынбасары болып жұмыс жасаған еді.