Таяу жылдары ғылым ел экономикасына нақты енгізілмек - kaz.caravan.kz
  • $ 515.25
  • 535.91
-9 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Таяу жылдары ғылым ел экономикасына нақты енгізілмек

Таяу жылдары ғылым ел экономикасына нақты енгізілмек

Осы аптада Үкімет басшысы Серік Ахметов Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның отырысын өткізіп, онда ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов «Ғылым туралы» ҚР Заңын жүзеге асыру барысы жайында баяндады.

  • 22 Желтоқсан 2012
  • 409
Фото - Caravan.kz

Айта кетерлігі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев таяуда «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ғылымды дамытуға зор көңіл бөле отырып, зерттеулер сапасын халықаралық деңгейге жеткізу және ғылымды экономика мен инновацияға тікелей бағыттау сынды екі бағдарды министрлікке айқындап берген болатын. ал бұл міндеттерді ведомствоның қалай жүзеге асыратындығы «Ғылым туралы» заңды іске асыру сапасына тікелей байланысты болмақ. Міне осы жайтқа ерекше назара аударған министрдің айтуынша, аталған заңда Президент ұсынған ғылымды басқару мен қаржыландырудың жаңа моделі қарастырылған. Ал бұл модельдің қалай іске асып жатқаны және алдағы уақытта қандай міндеттерді орындау қажеттігі туралы баяндаған Б.Жұмағұловтың сөзіне қарағанда, осы уақытқа дейін Заңда көзделген барлық институционалды құрылымдар құрылды және толық көлемде жұмыс істеуде. Олар: жаңа өкілеттіктер берілген Жоғары ғылыми-техникалық комиссия, 5 Ұлттық ғылыми кеңес, Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың ұлттық орталығы Жоғары ғылыми-техникалық комиссия ғылымның 5 басымдығын бекітті. Оның 4-еуі инновацияға тікелей бағытталған. 5-ші басымдық (елдің интеллектуалдық әлеуеті) іргелі зерттеулер мен гуманитарлық ғылымдарды қамтиды. Жобаларды іріктеудің жаңа жүйесі іске қосылды. Қазірдің өзінде 3 конкурс өтті. Жобаларды сараптауға алғаш рет әлемнің 60 елінен 600 сарапшы қатысып, шешімді Ұлттық ғылыми кеңестер қабылдады. Сарапшылар жобалардың 12 пайызын жоғары, 76 пайызын қанағаттанарлық деп бағалады. «Бұл, бір жағынан, біздің зерттеулер деңгейі жаман емес екенін көрсетеді. Екінші жағынан, кем тұстарымыз анықталды. Қай бағытқа көңіл бөлу керек екені белгілі болды. Біз қазір қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Бұл — жұмысымыздың маңызды бағыты. Екіншіден, ғылымды дамытудың жаңа формалары енгізілді. Мемлекеттік ғылыми ұйымдар мен жоғары оқу орындары базалық қаржыландыру ала бастады. Ол — ғылыми инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуін және оның мақсатты дамуын қамтамасыз етеді. Ғылыми зерттеулер гранттық және бағдарламалық-нысаналы жүйе бойынша қаржыланады», — деді ол.

Жалпы, қазіргі уақытта Елбасының қолдауының арқасына соңғы 2 жылда ғылымды жалпы қаржыландыру 2,5 есеге артып отыр. Нақты деректерге жүгінсек, бөлінген қаржы 2010 жылы 20 млрд. теңге болса, ағымдағы жылы 48 млрд. теңгеге дейін өсті. Бұл орайда қаржының еселеп өсуі оң фактор болғанымен одан әрі жұмыс істеуді талап ететін тағы үш мәселені министр жиынға қатысушылардың алдына жайып салды. Оның біріншісі — практикалық маңызы бар және «кабинет» ғылымы деп аталатын зерттеулерді қаржыландыруға берілетін баланс. Ал екіншісі — стратегиялық маңызды міндеттерді бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру. Соңғы мәселе — ғылымды қаржыландыруды өсіру қажет. «Үлкен өзгеріс жасалды, бірақ 48 млрд. теңге Ішкі жалпы өнімнің тек 0,17 пайызын құрайтынын түсіну қажет. Жақын арада 1 пайызға шығып, әрі қарай дамыған елдердің деңгейіне жету керек. Шығыстар құрылымын да өзгерту қажет. Ең көп қаражатты әзірлемелерге, инфрақұрылымға, зерттеулер сапасына, жабдыққа және тағы басқаларға салу керек. Жақсы ғылым маңызды шығынды талап етеді — бұл аксиома», — дейді министр.

Оның атап өтуінше, министрлік шетелдік ғылыми ұйымдармен тікелей байланысты дамытуға барынша күш салып отыр. Соның нәтижесінде АҚШ, Ұлыбритания, Германия және тағы да басқа дамыған елдердің ғалымдарымен бірлесіп мақалалар жариялануда. Халықаралық ынтымақтастық аясында 31 елмен 27 жоба іске асуда. Осы ретте министрлік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы арқылы экономика мен ғылымның өзара байланысын күшейтуге ниетті. Бұл бағытта алға жылжу бар. Мұндай нәтижелердің бірі — жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексіндегі Қазақстан көрсеткіштерінің өсуі. «Бұл көрсеткіштердің бірқатары білім мен ғылым саласына қатысты. Мұндай көрсеткіштердің саны — 11. Олардың кейбіреуін ғана атап өтейін: «Университеттер мен бизнестің ынтымақтастығы» — 29 позицияға; «Персонал біліктілігін арттыру» — 24 позицияға; «Ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы» — 13 позицияға жоғарлады. Мұндай алға жылжуды жүйелі негізде жалғастыру қажет», — деді ол.

Сондықтан осы кезеңде «Қазақстан-2050» стратегиясынан тікелей туындайтын міндеттер маңызды болатындығын баса айтқан Б.Жұмағұлов: «Атап айтқанда, ғылым саласындағы бағдарламалық құжаттарды әзірлеу; ғылымды инновациялық дамумен үйлестіру, ғылыми әзірлемелерге бизнестің қатысуын ынталандыру және ғылым мен бизнестің толыққанды кооперациясы; ғылымға жастарды тарту; ғылыми инфрақұрылымды технологиялық жаңарту. Заңды іске асырудың бірінші жылы аяқталды. Нәтижесінде, ғылым саласы өз дамуында барынша алға жылжыды. Алайда, әлсіз жақтарымыз да анықталды. Енді, жұмыстың алдағы бағыттары туралы нақты білеміз. Таяудағы 2-3 жылдың ішінде ғылымды ел экономикасына нақты енгізетін боламыз», — деді.

Көлік министрлігінің жұмысы көңілге қонымды

Алдағы жылы елімізде алғашқы автобан пайда болады. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған брифингте арнайы келіп қатысып, ҚР Көлік және коммуникация министрілігінің биылғы атқарған жұмысына қысқаша шолу жасаумен қатар алдағы жоспарларымен бөліскен ведомство басшысы Асқар Жұмағалиев осылай мәлім етті. «Қазіргі кезде біз оны техникалық сынақтан өткізіп жатырмыз. Бұл шаралар аяқталғаннан кейін барлық мемлекеттік органдармен тиісінше талап нормалары қаралады. Әрі қарай біздің ойымызша, келесі жылдың мамыр айынан бастап елімізде алғашқы ақылы жол іске қосылады», — деді ол. Министрдің атап өтуінше, жол жүру ақысы қанша теңге көлемінде болатындығы әзірше шешілген жоқ. Қазіргі кезде мемлекеттік органдар тиісті шаралар жүргізіп, ақы көлемін көлемін нақтылау үстінде. Қалай десек те, ақылы жол жолаушының қалтасын қаншалықты қағатындығы алдағы уақыттарда белгілі болып қалады.

Жалпы министрліктің биылғы атқарған жұмысын жоғары бағалауға болады. Өйткені, «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» магистралінің биылғы жоспарланған 700 шақырымының орнына 800 шақырым жол салынып, көлік қозғалысына ашылды. Сонымен қатар республикалық маңызы бар 4,2 мың шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы жылы 4,6 мың шақырым жолды жөндеу жұмыстарымен қамтуды жоспарлауда. Ал осы жөнделген жолда жүйткитін темір тұлпарларды техникалық байқаудан өткізу үшін 619 стационарлық және мобильдік желіден тұратын 297 техникалық бақылау орталығының жұмысы жандандырылды. Ағымдағы жылдың басынан бері республика бойынша 2012 жылы техникалық байқаудан өтуі тиіс 2 млн 155 мың автокөлік құралының 1 млн 478 мыңы өтті. ТБО тарапынан заңсыз әрекеттерге жол бермеу мақсатында автокөлікті пайдалану қауіпсіздігіне тікелей әсер етпейтін визуалды бақылау параметрлерінің тізімі 51-ден 39-ға дейін қысқартылды. Сонымен бірге техникалық байқаудан өту үшін сақтандыру полисін ұсыну міндеті де алынып тасталды. Техникалық байқаудан «сырттай» өту мүмкіндігін болдырмау үшін ТБ ұйымдастыру және өткізу ережесіне өзгертулер енгізді. Бұған дейін енгізілген міндетті фото тіркеуден бөлек, автомобильді техникалық байқаудан өткізу процесіне міндетті бейнебақылау жүргізуді қосты. 2013 жылдың қаңтарынан бастап аталған талаптар заңды күшіне енеді және техникалық байқау өткізуде міндетті болып табылады. Сондай-ақ бақылауды күшейту мақсатында Көлік мәселелері жөніндегі заң жобасына, жүкті рұқсат етілген салмақтан артық тиегені үшін салынатын айыппұл көлемін нысан түріне қарай (ЖК, шағын, орта, ірі кәсіп нысаны) 200 айлық есептік көрсеткіштен 1000 АЕК-ке дейін көбейту, сонымен бірге жүкті автокөліктерге рұқсат етілген салмақтан артық тиегені үшін жүк жөнелтушілерді (карьер иелерін) әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы ұсыныс енгізді.

Теміржол билеттерін сатуға арналған 2,5 мың терминал орнатылды, бұл билеттерді электронды түрде сатып алудың танымалдылығын арттыра түсті. Биыл жолаушылар 1 млн.-нан астам билетті электронды әдіспен сатып алды. № 1/2 «Алматы — Астана», 25/26 «Алматы — Шымкент», 151/152 «Алматы — Петропавл» пойыздарына отырғызу автоматтандырылған бақылау жүйесі арқылы жүргізілуде. Ал, № 1/2 «Алматы — Астана» пойызы және 5 вокзал, сонымен бірге Қостанай, Қызылорда, Тараз, Семей қалаларындағы облыстық маңыздағы вокзалдар Wi-Fi жүйесімен қамтылды. «Алматы — Петропавл», «Астана — Ақтөбе» бағдарларына жаңа «Тальго» жолаушылар жүрдек пойызы шығарылды. Тұрғындар тарапынан көптеген өтініштердің түсуіне байланысты 2013 жылдан бастап «Астана — Орал» және «Павлодар — Қарағанды» бағдарлары бойынша жолаушылар пойызын іске қосу да көзделіп отыр. Жылжымалы құрам паркін жаңалауда да біраз жұмыстар атқарылды. Ағымдағы жылдың тек 11 айының ішінде 102 локомотив, 95 жолаушылар және 11 222 жүк вагондары сатып алынса, 2013 жылы тағы 93 локомотив, 1470 жолаушылар, 1784 жүк вагонын сатып алу жоспарланған.

Бүгінде елімізде телекоммуникация саласы да барынша қарқынды даму үстінде. Ұялы байланыстың үшінші буыны 3G желісімен 2015 жылдың басына қарай тұрғындар саны 10 мың адамнан асатын елді мекендер мен барлық аудан орталықтарын аталған технологиямен қамтамасыз ету жоспарлануда. Сонымен қатар жылдың соңына дейін ұялы байланыстың 4G LTE стандарты енгізілетін болады. «Біз оны Алматы мен Астана қалаларында іске қосамыз деп үміттенеміз. Ал одан кейін біртіндеп Қазақстан қалаларында дамытамыз. Жобаны ілкі режімде «Қазақтелеком» АҚ жүзеге асыруды бастады. Ұялы байланыстың төртінші буыны LTE стандартының ілкі жобасын ұйымдастыру және тестілеу үшін Астана және Алматы қалаларының аумағында базалық стансалары орнатылған», — деді А.Жұмағалиев.

Қорыта айтқанда, ел экономикасының дамуының негізгі күре тамыры болып саналатын салаларды уысында ұстап отырған ведомствоның биылғы жұмыс нәтижесі жоғары.

Айтпақшы бүгін еліміздің ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің Өзбекстан Республикасындағы екікүндік ресми сапар басталды. С. Ахметов сапар аясында өзбекстандық әріптесі Шавкат Мирзиеевпен шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздері жоспарланып, оның нәтижесінде бірқатар құжаттарға қол қойылады деп күтілуде. Сондай-ақ бүгін ҚР Премьер-Министрінің Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен кездесуі жоспарланған. Бұған дейін хабарланған ақпараттарға қарағанда ҚР Үкіметі басшысының ресми сапары барысында өзбек тарапымен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ су-энергетикалық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланбақ.