Атырау облысындағы дін қызметкерлерінің проблемасы толық шешімін табады - kaz.caravan.kz
  • $ 515.25
  • 535.91
-9 °C
Алматы
2024 Жыл
26 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Атырау облысындағы дін қызметкерлерінің проблемасы толық шешімін табады

Атырау облысындағы дін қызметкерлерінің проблемасы толық шешімін табады

Атырау облысына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет бастаған дін сарапшылары мен теологтарды Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қабылдады.

  • 24 Желтоқсан 2012
  • 386
Фото - Caravan.kz

Жылы шырайлы жүздесуде өңірдегі діни ахуал жайы және қызметіне енді кіріскен ҚМДБ «Зекет» қорының жұмысы сөз болды.

«Шақыруымызды қабыл алып, жаныңызға білімді теологтарды ертіп келгеніңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сізбен соңғы рет 2008 жылдың қыркүйек айында Орал қаласында медресе ашу салтанатында кездескенбіз. Міне, сол кезде медресеге қабылданған түлектер биыл оқу бітіріп шықты. Ал, біздің облыстағы діни ахуалдың жай-күйі сізге етене таныс. Тек діни басқарма қызметкерлері ғана емес, баршамызды теріс діни ағымның жетегіне кеткен жастардың жағдайы алаңдатып отыр», — деді Атырау облысының әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы.

Аймақ басшысының айтуынша, облыста имамдардың нәтижелі жұмыс жасауына толыққанды жағдай жасалмаған. Дін қызметкерлерінің жалақысы, тұрғын үй мәселесі шешілмеген.

«Дегенмен, аталмыш проблемалар 2013 жылдан бастап толықтай шешімін таппақ. Имамдардың жалқысы «Зекет» қоры арқылы төленеді және қалада ғана емес, аудан имамдарының да баспана жайын, қызметтік көлігін шешу қарастырылады. Сонымен қатар, шектен шыққан діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек көрсететін, кеңес беретін орталықтар ашу ойымызда бар», — деді облыс басшысы.

Бұдан кейін сөз алған Әбсаттар қажы Дербісәлі, алдымен, белгілі мәдениет қайраткері Нариман Үлкенбайұылының қазасына қайғыра көңіл айтты. «Атырау облысындағы діни мәселелерге көңіл бөліп, шешу жолдарын қарастырып жатқандығыңыз үшін ризамын. Егер біз кадрлар дайындау ісін тәуелсіздік алған жылдарда қолға алғанымызда, бүгінгідей сұмдық оқиғалармен бетпе-бет келмес едік. Десек те, бүгінде еліміз бойынша мемлекеттің көмегімен ашылған 9 медресе, бір университет жат ағымдарға қарсы елеулі жұмыс жасауда. Одан атыраулық төрт шәкірт оқуын аяқтап, еліне келгелі отыр. Ал, «Нұр» ислам университетінде 26 жерлестеріңіз білім алуда. Жалпы айтқанда, жыл сайын 300 кадр дайындап шығарамыз. Оның өзі біздің өсіп келе жатқан жас мемлекетіміз үшін жеткіліксіз. Сол үшін де уақыт керек, бастысы — олар жоғары білімді маман болып, еліміздің түкпір-түкпіріне жіберілген кезде біз қоғам арасындағы келеңсіз мәселелерді, күрмеулі сұрақтардың жауабын шешетін боламыз», — деді Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Жүздесуде кадрлардың тәжірибе алмасу жайы да сөз болып, осы уақытқа дейін жүзеге асқан жүйелі іс жалғасын тауып, облысқа білікті де білімді бірнеше дінтанушыны келісімшарт арқылы қызметке алу және ақпараттық-насихаттық топтардың жиі келу мәселелері талқыланды. Облыс басшысы бұл жұмыстардың алдымен қоғам үшін аса маңызды екендігін баса айтып, теологтардың әлеуметтік жағдайының қадағалауда болатындығын, мемлекет тарапынан қолдау мен көмек жасалатындығын мәлім етті.