«Қайсар» футбол клубы ел біріншілігінен шеттетілді - kaz.caravan.kz
  • $ 486.65
  • 524.46
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«Қайсар» футбол клубы ел біріншілігінен шеттетілді

«Қайсар» футбол клубы ел біріншілігінен шеттетілді

Сыр өңірінің «Қайсар» футбол клубы сыр берді. Құрамындағы ойыншылардың жалақысын айлап төлемегені үшін команда ел біріншілігінен шеттетілмек. Көк тиын таппай сандалған клуб басшылығы жергілікті әкімдіктен көмек сұраған екен. Бірақ шенділер «Қайсар» құрамында тек қызылордалық футболшылар қалсын деген талап қойыпты. Жайсыз хабардан әсіресе жергілікті жанкүйерлер абдырап қалды. 

  • 9 Қаңтар 2013
  • 369
Фото - Caravan.kz

Отандық футболда жыл басталмай жатып жанжал шықты. Бұл жолғы шу Қызылорданың намысын қорғап жүрген «Қайсар» клубына қатысты.  Команда ойыншыларына айлап жалақы төлемегені үшін ел біріншілігінен шеттетілгелі отыр. Клубтың футболшылар алдындағы қарызы қазірдің өзінде 240 млн теңгеден асқан. 

Нұрсейіт Қарынсауов, жанкүйер:

— Қай жақтан мына қарыз болды, қай жақтан болды. Сіз спортқа жауап бересіз, ал жаттықтырушы қайда, директор қайда, әкімі қайда бізге жауап беретін.

УЕФА талаптарына сәйкес, ойыншыларға жалақысын бере алмаған клуб барлық жарыстардан шеттетілуі тиіс. Жанкүйерлердің де жанына батып отырғаны осы. Бірақ қарызға белшеден батқан «Қайсардың» басшылары ең болмаса мән-жайды түсіндіруге жарамай отыр. 

— Супер лигада қалмайды бірінші лигада!

— Өздерін құртып отырсыңдар ғой команданы. Несіне айтасындар анау-мынау деп. Футбол деген дүниежүзіндегі спорттың бірінші түрі. Барлық спортқа бірдей қарау керек қой.

Бір қызығы, клуб отандық футболшыларға ғана қарыз екен. Негізгі құрамында өнер көрсеткен жеті легионерболса дер кезінде есептесіп, елдеріне кетіп қалған. Ал қаржылық қиындыққа тап болған «Қайсарға» облыстық әкімдік қол ұшын беруге де даяр. Тек ерекше талап қоюда.


Садық Мұстафаев, Қызылорда облыстық спорт және туризм басқармасының бастығы:

Ақша «Қайсарға» бөлінеді. Бірақ мынадай жағдайда. Облыс әкімі тек Қайсар командасында Қызылорда облысының ойыншылары бірде-бір шетелден ойыншы алынбайды, басқа облыстан алынбайды. Тек ақша алсын, басқа қылсын, бірақ өзіміздің қызылордалық футболшылар.

Жанкүйерлер наразылығын тудырған бұл жағдай отандық футбол федерациясының да қытығына тиген көрінеді. «Қайсарға» қараша айынан бері ескертулер жасалыпты. Бірақ нәтиже болмаған соң ел біріншілігінен аластатуды жөн көрген.

Михаил Гурман, кәсіби футбол лигасының төрағасы:

Команда басшылығы да, демеушілер мен облыстық әкімдіктен қазірге дейін тиісті кепілдеме беретін құжат келген жоқ. Біз бұл жағдайды сыртқа шығармай ел аумағында шешуіміз қажет. Себебі халықаралық ұйымдар хабардар болса команда ойындары мүлде тоқтатылуы мүмкін.

Айта кетерлігі қазір «Қайсар» футбол клубына демеушілік көрсетуге ниеттенген бірде-бір компания қалмаған. Ал жанкүйерлер соңғы үмітін артып отырған шенділер бұл мәселе бойынша жауаптарын 30 қаңтарда қатпақ.