26 сәуірге дейін жалғасатын іс-шараны ұйымдастырушылар ҚР Білім және ғылым министрлігі, «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ (ХБО) және «Bolashak students in China» студенттік ұйымы.
Оған ҚХР-дағы ҚР елшілігінің, «ХБО» АҚ, «Болашақ» қауымдастығы, «Қазақфильм» АҚ басшылары, Шанхайдағы Бас консул, сондай-ақ АҚШ пен Қытайдағы, Еуропа, Азия және ТМД елдеріндегі көптеген қазақстандық студенттер ұйымдарының өкілдері қатысуда.
Іс-шара шеңберінде ҚХР аумағында жұмыс істейтін қазақстандық студенттік ұйымдарын біріктіру меморандумын жасау және ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдығына орай ресми қабылдаулар күтілуде.
Құрылтай бағдарламасы күрделі екендігін атап өткен жөн. Оны өткізу барысында Фудань университеті Халықаралық білім институтының, «Цзяотун» Шанхай университеті (Shanghai Jiaotong University) Халықаралық білім институтының, Шанхай қаржы-экономикалық университеті Халықаралық алмасу институтының басшыларымен кездесулер өткізіледі.
Іс-шара шеңберінде ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы таныстырылатын 9-шы Халықаралық білім форумы мен халықаралық білім көрмесінің барысында ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланатын болады.
Сонымен қатар Құрылтай қатысушылары қазақстандық режиссердің болашақтықтар туралы «Болашақ үшін» фильмін көру мүмкіндігіне ие болады және олар командалық рухты біріктіру үшін өткізілетін флеш-мобқа қатысып, қаланың көрікті жерлерімен танысады.