Кеше Ақордада Мемлекеттік хатшы Марат Тәжиннің қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің кеңейтілген отырысы болып өтті. Осы алқалы жиын арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстан» газетінде «Ұлтаралық мәселеге ұтымды көзқарас қажет» деген тақырыппен берілген. Басылымның атап өтуінше, Мемлекеттік хатшының назар аударуды талап еткен бағыттарының бірі ішкі миграцияға қатысты болды. Ол қалаға көшіп келген ауыл тұрғындарының шаһар өміріне бейімделуін қадағалау да маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті. «Көші-қон мәселесі, әсіресе, этностық мигранттардың болжалды стратегиясын бүгіннен қалмай түсінуіміз керек. Өйткені, ішкі көші-қон мәселесі этносаясатқа тікелей қатысты екенін ұмытпайық. Біз ғана емес, урбанизация кезеңін бастан кешіріп отырған барлық полиэтносты мемлекеттер ауыл тұрғындарын қала өміріне бейімдеу проблемасымен ұшырасқан және ұшырасып отыр. Сондықтан олардың тәжірибесін үйрену — біздің міндет. Сол елдердің көбі бұл үдерістен 70-90-жылдары өтіп кетті, ал біз әлі де бастан кешудеміз», — деді М.Тәжин.
***
Қытайдың жаңа басшысы Си Цзиньпиннің жақында Орта Азия республикаларына (Тәжікстаннан басқа) арнайы жасаған сапары қоғамда түрлі пікір туғызды.Соның негізгісі «Қытай Орта Азиядағы ықпалын күрт арттыруға бел буды. Көп ұзамай осы өңірде жатқан тәуелсіз мемлекеттер Бейжіннің айтқанына көніп, дегеніне құлдық дейтін болады» деген сияқты әңгіме. Мұның себебі бар. Өйткені Қытай басшысының осы сапарында Орта Азиялық елдермен көмірсутегі саласы бойынша шамамен 60 миллиард доллар болатын келісімшарт жасасты. Мәселен Қазақстанмен — 30, Өзбекстанмен — 15, Қырғызстанмен — 3, Түркіменстанмен — 8 миллиард доллар көлемінде. Бұл аз қаржы емес. Сондай-ақ Бейжің мұны тегін таратып жатқан жоқ. Үлкен есепке құрылған дүние. Әрине, Қытай — жедел дамып келе жатқан ел. Экономика қарқынды болуы үшін оны алға жылжытатын тегершігі — мұнай мен газ. Оны алыстан тасымай, шикізатқа бай көршілермен келісімге келу Қытайға тиімді. Бұл — аспан елі саясатының бір жағы. Ал екінші жағы аталмыш мемлекеттерге ақшаны төге отырып, өзіне тәуелді етіп қою. Осы ретте «Айқын» газеті «Қытай синдромы қауіпті емес пе?» деген сауалды бірқатар саясаткерге қойған.
Жетім балаларды шетелдерге аттандырмай, оларды қазақстандықтардың асырап алуына жағдай жасау қажет. «Айқын» газеті тілшісі әңгімелескен депутаттар жетім балаларға бюджеттен бөлінетін қаржыны қазақстандық бала асырап алушыларға берген жөн деп есептейді. Алайда, халықаралық адам құқығын қорғаушылар шетелдіктердің бала асырап алу құқығы халықаралық келісімдермен бекітілгенін еске салады. Мәжілісі депутаты Алдан Смайыл Қазақстаннан «сыртқа бала беруді тоқтату керек» деп мәселені төтесінен қояды. «Ауру балаларды емдейік. Неге Қазақстанда емдемейміз? Олар да осы жердің балалары емес пе?! Ең алдымен балалардың көз жасынан қорқуымыз керек», — дейді депутат. Қазақстан сияқты халқының саны аз, экономикалық жағдайы жаман емес елдің сыртқа бала беруі «ештеңемен ақталамайды» деп есептейді халық қалаулысы. Оның ойынша, қазіргі таңда шетелге бала берудің себептері жоқ. «Қаржы бар. Асырап алушылар да табылады. Арнайы балалар үйлері және олардың жеке отбасылық, мемлекеттік түрлері де жұмыс істейді», — дейді Алдан Смайыл. Мақала «Депутаттар шетелдіктерге жетімдерді беруге қарсы» деген тақырыппен берілген.