«Алматы жастардың қаласы. Қазір шаһарымызда жоғары оқу орындарында 187 мыңдай студент білім алуда. Бүгінгі біздің тұрмысымызды, әсіресе жастардың өмірін интернетсіз, әлеуметтік желілерсіз елестету мүмкін емес. Демек интернеттегі бұқаралық ақпарат құралдарында белсенділікті арттыру тілді дамытудың басты шарты және бүгінгі тіл саясатының ең жалғыз тірегі болады. Өйткені 21 ғасыр — ақпараттық технологияның, былайша айтқанда экранның, интернеттың ғасыры. Біздің жұмысымыздың келешек өрісі де соған тәуелді. Бұл орайда Алматы жастарына үлкен жауапкершілік жүктеледі», — деді А.Есімов. Шаһар басшысының айтуынша, себебі еліміздің ең білімді, ең белсенді де іскер жастары біздің қаламызда. Қазақ тілді мазмұнды қалыптастыруда баршаға үлгі болу үшін жастарға тән күш-жігер, туған тілге, елге деген сүйіспеншілік керек. «Қазіргі контент каталогы 700-дей сайттан тұрады екен. Солардың 600-ден астамы мемлекеттік тілде. Республикадағы 2 мыңнан астам ақпарат құралдарының 400-ден астамы ғана қазақ тілділер. Міне осы олқылықты толтыру үшін қазақ жастарының намыс-жігері, білім-білігі, табанды еңбегі қажет. Оны бүгінгі жастар жұмылып жасамаса ешкім де сыйға бермейді. Бүгін қазақ жастарының үлкен жауапкершілігі осы», — дейді Ахметжан Есімов.