Оңтүстік Қазақстан облысында қаржы полициясы жалған кәсіпкерлікпен және қаражатты қолма-қол ақшаға заңсыз айналдырумен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топты "қолдағаны" үшін облыстық салық департаментінің тағы төрт қызметкерін ұстады, деп хабарлады республиканың қаржы полициясының баспасөз қызметінен.
"Биыл 17-қыркүйек күні қызмет бабын бұрмалап пайдаланды деген күдікпен ОҚО салық департаментінің бас мамандары Әділов және Боранбаев, Төлеби ауданы бойынша салық басқармасының бас маманы Жұмағұлов, аталған салық басқармасының бұрынғы қызметкері Қаратаев ұсталды", делінген хабарламада.
Ақпаратқа қарағанда, олар ұйымдасқан қылмыстық топқа тиесілі кәсіпорындарды тарату жұмыстарына үстірт қарауы салдарынан үкіметке 100 млн теңгеден аса салық түспей қалған.
"19 қыркүйек Әділов, Боранбаев, Жұмағұлов және Қаратаев үй ішіндегі қамауға алынған".
Алдында хабарлағандай, 2012 жылы қаржы полициясы ОҚО-да 2008-2012 жылдары 60-тан аса жалған кәсіпорын тіркетіп, жалған есеп-фактура беру арқылы салық төлеуден жалтаруға жол берген ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметіне тойтарыс берген, аталмыш топтың кесірінен бюджетке 18 млрд теңгеден аса ақша салық түспей қалған.
Ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамына 12 адам енген, ұйымдастырушы жұбайлар Л.Әзімова және Б.Сарыбеков, олардың қызы және ОҚО салық комитетінің қызметкерлері.
Тергеу деректеріне қарағанда, қылмыстық топқа жалпы қолдауды ОҚО бойынша салық департаменті бастығының орынбасары Азамат Садықов көрсетіп келген.