4 қазан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР - kaz.caravan.kz
  • $ 517.66
  • 606.49
-7 °C
Алматы
2025 Жыл
22 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
4 қазан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

4 қазан. АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

4 қазан. ЖҰМА

  • 4 Қазан 2013
  • 945
Фото - Caravan.kz

Адамзат үшін ғарышты игеру дәуірінің басталған күні. 4-10 қазан — Дүниежүзілік ғарыш апталығы.

1957 жылғы қазанның 4-інде Байқоңыр ғарыш айлағынан ғаламшар тарихында алғаш рет жердің жасанды серігін ұшырды. 1967 жылдың қыркүйек айында Халықаралық астронавтика федерациясы бұл күнді мереке деп жариялады. Жер бетіндегі адамзаттың өмірін жақсартуға ғарыштану ғылымы мен технологиясының қосқан үлесін құрметтеу мақсатында 1999 жылғы желтоқсанның 6-дағы БҰҰ Бас Ассамблеясының 54/68 қарарына сәйкес өткізіледі.

Халықаралық жануарлар күні. 1931 жылы Флоренцияда өткен Табиғатты қорғаушылар қозғалысын жақтаушылардың халықаралық конгресі шешімімен католик мерекесі — Әулие Франциска күні атап өтіледі.

Лесото корольдігінің Ұлттық мейрамы — Тәуелсіздік күні (1966). Лесото — Африканың оңтүстігінде орналасқан мемлекет. Астанасы — Масеру қаласы. Мемлекеттік тілдері — ағылшын және сото тілдері. Ақша бірлігі — ма-лоти (лоти). Мемлекеттік құрылысы — парламенттік демократия элементтері бар конституциялық монархия. Мемлекет басшысы — король. Үкімет басшысы — Премьер-Министр.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

82 жыл бұрын (1931) Қарағанды облысының «Қарағанды пролетариаты» атты газеті шыға бастады (қазіргі «Орталық Қазақстан»).

22 жыл бұрын (1991) Гурьев қалалық Халық депутаттары кеңесі облыс орталығының атауын Атырау қаласы деп өзгерту туралы шешім қабылдады.

9 жыл бұрын (2004) «Қазпошта» акционерлік қоғамы  Қазақстан Республикасының аумағында мемлекеттік пошталық төлем белгісі — «Құттықтаймыз!» купоны бар көркем суретті пошта маркасын айналымына енгізді. Купонға өз фотосуретіңізді орналастыруға болады.

19 жыл бұрын (1994) Ангола Республикасымен Дипломатиялық қарым-қатынастар орнату туралы хаттамаға қол қойылды.

14 жыл бұрын (1999) Президент Н.Назарбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының сол кездегі төрағасы, Норвегияның Сыртқы істер министрі К.Воллебекты қабылдады. Кездесу барысында Н.Назарбаев пен К.Воллебек Қырғызстандағы жағдай, Стамбулда өтетін ЕҚЫҰ саммиті және республикадағы парламенттік сайлауды өткізуге дайындық барысы туралы пікір алмасты. Сондай-ақ мемлекет басшысы мен ЕҚЫҰ-ның төрағасы әлемдегі және Орталық Азиядағы қоғамдық өмірді демократияландыру үрдісін кеңейту мен тереңдетудің ахуалы және келешегін талқылады. Әңгіме барысында сонымен қатар көлік және коммуникация, сумен жабдықтау, экология салаларында Қазақстан Республикасы мен Норвегия Корольдігі арасындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейтудің болашағы қарастырылды.

338 жыл бұрын (1675) голланд физигі Х.Гюйгенс қалта сағатына патент алды.

8 жыл бұрын (2005) Шолаққорған қаласы Созақ ауданы орталығында жаңа мектеп ашылды. Бұл жаңа үлгідегі үлкен ғимарат 1266 орынға бағытталған.

8 жыл бұрын (2005) Ақмола облысының Бұланды ауданындағы еліміздің біртуар ұлы, атақты балуан, әнші, композитор, ақын Балуан Шолаққа (Нұрмағамбет Баймырзаұлы) мемориалдық ескерткіш ашылды.

Биіктігі 16 метрлік сәулеттік шешімі ерекше ескерткіш Балуан Шолақтың (1864-1919 жж.) өмірі мен сан қырлы дарынынан мол мағлұмат береді. Мемориал Жамбыл облысындағы Қордай жерінен арнайы жеткізілген қызыл граниттен тұрғызылған. Қазақтың бір туар ұлының өмірі туралы баяндама қабырғаға қашаланып жазылған. Шолақтың ата-бабалары Жетісу өңірінен Сарыарқа даласына келген болатын, ол жас кезінде бірде-бір күрестен жеңілмей Балуан құрмет атағына ие болды. Бірақ Шолақтың басты қызығушылығының бірі ән айту мен домбырада күй тарту. Ол Біржан сал мен Ақан серінің шығармаларын керемет орындайтын. Жарық дүниеде бар болғаны 55 жыл ғана өмір сүрген, ол артынан ондаған өлеңдерді қалдырып кетті, соның ішінде халыққа кеңінен таралғаны «Ғалия», «Қыркүйек», «Талды-Көл», «Сарын» және басқалары. Қазақтың танымал жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің дастанын атақты әнші, композитор, ақын Балуан Шолаққа арнаған. Оның есімі Алматыдағы Спорт сарайына берілген.

6 жыл бұрын (2007) Новосібір қаласында шекаралық аймақтардағы басшылардың кезекті форумы барысында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасында теңіз көлігі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Келісім екі мемлекеттің теңіз флоты мен айлақтарын тиімді пайдалануға; теңіз, кеме, экипаж, жолаушы және жүк қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әріптестіктің негізгі бағыттары — теңіздегі табиғи ортаны қорғауды күшейту, экономика, теңіз көлігі ғылымы мен техникасы саласындағы байланысты кеңейту, сауда кеме қатынасы мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымдар қызметіне қатысты пікір алмасу, теңіз көлігі бойынша халықаралық келісім-шарттарға қатысу.

17 жыл бұрын (1996) Алматыда Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан Республикаларының Президенттері және Ресей Федерациясының Премьер-Министрі бас қосты. Кездесу барысында Ауғанстан жерінде басталған ұрыс қимылдары талқыланып, бірлескен мәлімдемеге қол қойылды.

17 жыл бұрын (1996) қазақ халқының XVIII-XIX ғасырдағы атақты шешені Бөлтірік Әлменұлының туғанына 225 жыл толуы аталып өтті.

ЕСІМДЕР

109 жыл бұрын (1904-1987) ғалым, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор КЕНЖЕБАЕВ Бейсенбай дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бөген ауылында туған. Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, Казақ мемлекеттік университетін бітірген.

«Жас қайрат», «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Кеңес туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттерінде редактор, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1941-1944 жылдары — Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы. 1961-1987 жылдары — Қазақ мемлекеттік университетінің (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессоры.

Кенжебаев — қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай, С.Торайғыров, Ж.Жабаев, М.Сералин, М.Әуезов, С.Шәріповтердің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулықтар мен хрестоматиялар, «Тымпи», «Көңіл ашар» сатиралық фольклор мұраларын жариялады. «Асау жүрек» әңгімелер жинағы жарық көрген.

Ленин орденімен және медальдармен марапатталған.

54 жыл бұрын (1959) ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары РАЕВА Бақытжан Темірбайқызы дүниеге келді.

Алматы облысы Шамалған аулында туған. Москва гидромелиоративті институтын, Алматы экономика және статистика институтын бітірген. Лондон қаласындағы Экономикалық және саяси ғылымдар мектебінде кәсібін жоғарылату курсынан өткен.

1984-1985 жылдары — Үлкен Алматы каналын пайдалану жөніндегі басқармасының инженері. 1985-1986 жылдары — Алматы облысы Қаскелен ауданы «Дружба» кеңшарының инженері, комсомол комитетінің хатшысы. 1986-1992 жылдары — Қазақстан ЛКЖО Қаскелен аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы. 1995-1999 жылдары — Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қаскелен және Алматы қалаларындағы әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы, мемлекеттік инспектор, жұмыспен қамту испекциясы бөлімінің бастығы. 1999-2000 жылдары — Денсаулық сақтаудың медициналық және экономикалық мәселелері жөніндегі ғылыми орталықтың кіші ғылыми қызметкері. 2000-2001 жылдары — Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау істері жөніндегі агенттігінің қаржыландыру бөлімінің бастығы, бас маманы. 2001-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бюджеттік бағдарламаларды жоспарлау және мониторингі бөлімінің бастығы, қаржы және экономика департаменті жоспарлау және экономика басқармасының бастығы, қаржы және экономика департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 2007-2009 жылдары — ҚР ДСМ экономика және қаржы департаментінің директоры.

Қазіргі қызметінде — 2009 жылдан.

57 жыл бұрын (1956) «Қазпошта» ААҚ басқарма төрағасының орынбасары ЖАРЫЛҚАҒАНОВ Мұрат Өтепбергенұлы дүниеге келді.

Қызылорда облысында туған. 1974-1979 жылдары Мәскеу теміржол көлігінің инженерлері институты «Экономика және теміржол көлігін ұйымдастыру» мамандығы бойынша тамамдады. Әр түрлі жылдарда РМК «Қазақстан темір жолы», Кәсіпорындарды қайта құру және тарату агенттігінде, Қазақстан Халық банкінде, «Инфрақұрылым» РМК «Қазақстан темір жолы» қызмет атқарды. 2002-2005 жылдары Экономика және қаржы департаментінің директоры, сосын «ҚТЖ»ҰК( АҚ департаментінің атқарушы директоры- директоры болды. 2005-2008 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының Магистралды желілер дирекциясының атқарушы директоры — директордың бірінші орынбасары, экономика және қаржы бойынша директорының орынбасары. 2009 жылдың ақпанынан «Қазпочта» АҚ-да қызмет атқарады. 2009 жылдың мамыр айынан бастап басқарушы директор — бас қаржы директоры, одан кейін Басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды («Қазпочта» АҚ директорлар Кеңесінің шешімі, 30 мамыр 2009 жылғы № 08/09 хаттама).

93 жыл бұрын (1920-1997) қоғам қайраткері БИЖАНОВ Құсайын дүниеге келді.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Түрген педагогикалық училищесін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1945-1948 жылдары — Шелек аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, Алматы облыстық оқу бөлімінің қызметкері. 1948-1950 жылдары — орта мектептің директоры. 1950-1956 жылдары — Нарынқол аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары. 1956-1960 жылдары — Алматы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы. 1960-1962 жылдары — Нарынқол аудандық партия комитетінің хатшысы, екінші хатшысы. 1962-1965 жылдары — Балқаш ауыл шаруашылығы өндірісі басқармасы партия комитетінің хатшысы. 1965-1969 жылдары — Балқаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1969-1983 жылдары — Шелек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы. 1983 жылдан зейнеткер.

Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 8-інші шақырылым депутаты. Ленин, Қазан революциясы, екі рет Еңбек Қызыл Ту, 1-ші дәрежелі Отан соғысы, Халықтар достығы, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, және медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталған.


93 жыл бұрын (1920-1985) психолог, психология ғылымдарының докторы, профессор МҰҚАНОВ Мәжит Мұқанұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысының Шалқар ауданында туған. Ленинград педагогикалық институтын, Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) аспирантурасын бітірген. Ұлы Отан соғысына қатысқан.

1953-1960 жылдары — Алматы шетел тілдері педагогикалық институтында (қазіргі Абылай-хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті). 1960-1985 жылдары — Қазақ педагогикалық институтында (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) психология кафедрасының меңгерушісі. 1971-1985 жылдары — КСРО Психологтар қоғамының Қазақ республикасы бөлімшесі Төралқасының төрағасы қызметтерін атқарған.

Ғылыми-зерттеу еңбектерінің негізгі бағыты ақыл-парасаттың этнопсихологиясы, этно және лингвопсихология, оқыту психологиясына арналған. «Ойды этно- және лингвопсихология тұрғысынан дәлелдеу», «Жан дүниенің сыры», «Ой мен интеллект (тарихи және этнопсихология очерктері)», «Ақыл-ой өрісі», «Жас және педагогикалық психология» кітаптарының авторы.

93 жыл бұрын (1920-1964) математик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор БЕДЕЛБАЕВ Әбдеш Құрамайұлы дүниеге келді.

Ұлы Отан соғысына қатысқан. Жамбыл облысының Жуалы ауданында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) және оның аспирантурасын бітірген.

1953-1964 жылдары — В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтында (қазіргі Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) ассистент, доцент, кафедра меңгерушісі. 1956-1964 жылдары — Қазақ КСР Ғылым Академиясының Математика және механика секторында топ жетекшісі.

Негізгі ғылыми еңбектері автоматтық реттеу мен сызықты емес жүйенің орнықтылық теориясына арналған. «Устойчивость нелинейных систем автоматического регулирования» шығармаларының авторы.

77 жыл бұрын (1936-2005) физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҒА-ның академигі, ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты СҰЛТАНҒАЗИН Өмірзақ Махмұтұлы дүниеге келді.

Қостанай облысының Қараоба ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1983 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының толық мүшесі болып сайланған. 1986 жылдан Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті. 1988-1994 жылдар аралығында Ғылым академиясының президенті қызметін атқарған. 1991 жылдан Ғарыштық зертеулер институтының директоры. 1996-1997 жылдары ҚР ғылым министрі — Ғылым академиясы президентінің бірінші орынбасары болып жұмыс істеді. 2000 жылдан ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті. 2002-2004 жылдары — ҚР ҰҒА-ның вице-президенті. Негізгі ғылыми еңбектері есептеу математикасының тәсілдері мен электрондық есептеу машиналарын математикалық физика есептерін шешу үшін пайдалануға арналған. Ғалымның 300-ден астам ғылыми еңбегі бар. Оның жетекшілігімен 30-дан астам ғылым кандидаты және докторы диссертация қорғаған.

Парасат, Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, медальдармен, 2 мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

62 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасының Әзірбайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі ЖҰМАБАЕВ Амангелді Жұмабайұлы дүниеге келді.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматы халық шаруашылығы институтын, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы экономикасы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген. 1983-1988 жылдары — Алматы облыстық комитетінің лекторы, бірінші хатшысының көмекшісі, Қазақстан Компартиясы ОК-інің нұсқаушысы. 1988-1989 жылдары — Қазақ КСР Мемемлекеттік еңбек комитетінің бөлім бастығы. 1989-1990 жылдары — Қазақ КСР Министрлер Кеңесі Іс басқармасының сектор меңгерушісі, бас маманы. 1991-1993 жылдары — Қазақ КСР Премьер-Министрі орынбасарының кеңесшісі, ҚР Министрлер Кабинеті және Президенті Аппаратының консультанты. 1993-1994 жылдары — ҚР сыртқы экономикалық байланыс министрінің орынбасары. 1994-1996 жылдары — ҚР Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары, Шет елдермен сауда-экономикалық байланыс жөніндегі бас басқарманың бастығы. 1996-1999 жылдары — ҚР-ның Малайзиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 1999-2003 жылдары — ҚР-ның Түрікменстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2004-2011 жылдары — ҚР-ның Украинадағы және Молдовадағы елшісі. 2011-2013 жылдары — ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары. Қазіргі қызметінде 2013 жылдың ақпанынан бері.

«Тәуелсіз Түрікменстанға деген сүйіспеншілігі үшін», «Құрмет», «Князь Ярослав Мудрый» (Украина) ордендерімен, медальдармен, ҚР-ның Құрмет грамотасымен марапатталған.

62 жыл бұрын (1951) ақын, аудармашы, кинодраматург, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының және С.Сәдуақасов атындағы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының, Махамбет атындағы, «Алаш», тәуелсіз «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, «Алтын лираның үміткері» атты Дүниежүзілік ақындар байқауының лауреаты, ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы ҚАНАПИЯНОВ Бақытжан дүниеге келді.

Көкшетау қаласында туған. Қазақ политехникалық институтын және Мәскеудегі Жоғары әдеби курсты бітірген. Еңбек жолын Қазақ КСР ҒА жанындағы Металлургия және кен байыту институтында инженер болып бастап, «Жалын» баспасында аға редактор, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, Қазақстан Кинематографистер одағының хатшысы болған. Алғашқы өлеңдері «Простор» журналында жарық көрген. Бірнеше жинақтың авторы. Абай, Махамбет, Шәкәрім өлеңдерінің еркін аудармасын жасап, Жамбыл, Кенен дастандарын, «Қыз Жібек» эпосын орыс тіліне тәржімалаған. Сонымен қатар М.Жұмабаевтың өлеңдер жинағының орыс тіліне аударылып, кітап болып шығуына ұйытқы болған. «Абай: өмірі мен шығармашылығы», «Кофе-брейк», «Балқаш сагасы» фильмдерінің режиссері әрі авторы.

197 жыл бұрын (1816-1887) француз ақыны, 1871 жылғы Париж коммунасына қатысушы, «Интернационал» пролетарлық әнұранының авторы ПОТЬЕ Эжен дүниеге келді.

178 жыл бұрын (1835-1920) орыс географы, фольклоршы, ботаник, этнограф, көркемсөзші ПОТАНИН Григорий Николаевич дүниеге келді.

Павлодар губерниясы Ямышево ауылында туған. Орта Азияның табиғатын, этнографиясын зерттеген саяхатшы, географ, этнограф, фольклоршы. 1852 Омбы кадет корпусын бітірген. 1853 -1858 Семей мен Омбыда әскери қызметте болды. 1859 — 1862 сонда жүріп, Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановпен достық қарым-қатынаста болды. Петербург университетінің табиғаттану бөлімінде оқыды. 1861 жылы студенттік толқуларға қатысқаны үшін Сібірге жер аударылды. 1863 — 1864 ж. Зайсан көлі мен Тарбағатай тауын зерттеді. 1876 — 1877 1879 — 1880 ж. Моңғолияның солтүстік-батысы және Туваға, экспедицияларға қатысты. 1884 — 1886 және 1892 — 1893 Солтүстік Қытай, Шығыс Тибет, Орта Моңғолия экспедицияларға қатысты. 1899 жылы Үлкен Хинганға шыққан экспедицияларға қатысты. Қазақ фольклоры үлгілерін, жалпы түркі тілдес халықтардың ауыз әдебиетін жинап, «Қазақтардың және алтайлықтардың аңыздары, аңыз-әңгімелері және ертегілері» (1916) атты еңбегін жазды. Потанин есімімен Наньшань тауындағы жота, Моңғол Алтайындағы мұздық аталған.

97 жыл бұрын (1916-2009) кеңестік және ресей физик-теоретигі, академик, Нобель сыйлығының лауреаты ГИНЗБУРГ Виталий Лазаревич дүниеге келді.

88 жыл бұрын (1925) кеңестік және ресей режиссері, сценарист, актер және педагог, КСРО халық әртісі ХУЦИЕВ Марлен Мартынович дүниеге келді.

70 жыл бұрын (1943-2011) дирижер, композитор, музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, профессор  МЫҢБАЕВ Тимур Кәрімұлы  дүниеге келді.

Алматыда туған. Ленинград консерваториясын халық дирижерлік (профессор Е. П. Кудрявцевтің класы бойынша) және композиция (профессор И. Я. Пустылыниктің класы) екі мамандық бойынша бітірген. Көптеген жылдар бойы Т. Мыңбаев ҚР Мемлекеттік симфониялық оркестрінің дирижері болып қызмет етті. Ол дирижерлік, композиторлық және музыкалық қызметті табысты тоғыстырды. Ол опера мен балет, симфония мен симфониялық күйлер, соната мен квартет, оратория мен вокальды-хорлық циклдер тақырыбына қалам тартқан тұлға. Оның шығармаларында композиторлық мектептің өткені мен қазіргісі тұтасады, Мыңбаев шығармашылығының бастауы — қазақтың ұлттық фольклоры болып табылады. Халықтық ән арқылы Мыңбаев шығармашылығы ұлттық бояумен көркемделіп, жаңа леп, заман тынысымен үндесті.

Мәскеудің үлкен театры мен Марьин театрында, Петербург қаласында және әлемнің көптеген беделді сахналарында дирижерлік етті. Соңғы жылдары Мәскеудегі Гнесиндер атындағы Ресей Музыкалық академиясының симфониялық және камералық оркестірлердің көркемдік жетекшісі және бас дирижері болып қызмет атқарды.

48 жыл бұрын (1965) ресейлік бағдарламашы, ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маман, «Касперский зертханасы» ЖАҚ жетекші жасаушысы және ірі акционері КАСПЕРСКИЙ Евгений Валентинович дүниеге келді.

191 жыл бұрын (1822-1893) Америка Құрама Штаттарының 19-шы президенті (1877-1881) Резерфорд Бёрчард ХЕЙС дүниеге келді.

172 жыл бұрын (1841-1902) бразилиялық адвокат, мемлекет қайраткері, Бразилияның үшінші президенті (1894-1898) Пруденти Жозе ди Морайс БАРРУС дүниеге келді.

Перейти к новостям спорта