Қазақстан футбол тарихында осы екі команда 32 кездесу өткізген. 15-де Шахтер жеңіске жетіп, 8-де есе жіберіпті. Ал кешегі 29-шы турдағы ойында Ордабасы қақпасына жауапсыз үш гол салынды. Кестедегі үштіктен дәмелі команданың арманы көзден бұлбұл ұшқандай болса да, Ордабасының бапкері қызыл тілге ерік берді.
Виктор Пасулько «Ордабасы» ФК бас бапкері:
— Шахтер футбол ойнай алмайды. Тек офсайдтан ойынға қосылуды біледі. Антифутбол көрсетті. Оның үстіне төрешілер де көмектесіп жатыр. Еуролигада да жетістіріп жүргендері шамалы.
Пасулько пас бере алмайсыңдар дегені шамына тисе керек, Кумыков баспасөзден соң әлгі бапкерді жағадан алыпты. Бірақ қол жұмсамадым дейді.
Виктор Кумыков «Шахтер» ФК бас бапкері:
— Мен ұрғанда ол қазір жалған сөйлеп емес, ес түссіз жатар еді. Аузына келгенді оттағасын шыдамым сыр бергені рас, бірақ жігіттерше сөйлесіп бетін қайтардым. Ал таяқ жедім деп жар салып жүрсе, ол өзінің шаруасы.
Шахтер футбол клубының директоры Ерден Халилин өзі көрмесе де бапкерлердің бұл қылығын құптамайды. Керісінше, өздерінің жүріп тұрысын жалпақ жұртқа үлгі ету тиіс. Алайда Ордабасы бапкерінің айтқанын сынымен ол да келіскен жоқ.
Ерден Халилин «Шахтер» ФК директоры:
— Еуропа деңгейінде көрсеттік біз доп тебе алатынымызды. Жақсы деңгейде тебе алатынымызды. Ол кісінің Шахтерге берген бағасы өте орынсыз деп есептеймін. Өйткені қазақстандық жанкүйерлер біледі Шахтердің жақсы командалармен терезесі тең өнер корсеткенін. Бұл жерде енді қатты ештеңе болған жоқ деп ойлаймын. Өйткені ойыннан кейін болған дүние мұның бәрі.
Құлақ шекемнен қойып қалды деп ғаламтор беттерінде байбалам салған бапкер енді Шымкентте шамын айтып жүр.
Еуролигада ерлік көрсете алмай келе жатқан Шахтердің мұнсыз да машақаты жетерлік. Қатар келген Кубок пен Чемпионат ойындары күш қайратты сарқып жатыр екен. Жаққа айырылған жанкүйерлер команданың жеңісін аңсаса, жеңіліс тапқан тұстарда әлгі бапкердің айтқанын қайталайды олар да. Ал үлкен пікірталас туғызған мына жайтты енді футбол федерациясындағылар тексеріп, бір шешім шығаруы тиіс. Өйткені дәл мұндай жағдай Қазақстан футболында алғаш тіркеліп отыр.