Даудың басы мына ауладан басталған. Үй салынғалы бері жөндеу көрмеген жердің жырын айтып кезекті рет әкімдікке барған Ақлима Уақбаеваға ешкім қуана қоймапты. Ондағылар арызды қабылдағасын тезірек қаралуы үшін әкімнің орынбасарына кіріп шығу керектігін айтқан. Алайда әңгіме басталмай жатып шаптыққан шолақ бастық зейнеткерді кабинетінен қуып шығады.
Ақлима Уақбаева, Қарағанды қаласының тұрғыны:
— Кет дегенде ит те кетеді, шық дедім мен саған деді, мен сол кезде өте қиналып қалдым. Содан үстелінен тұра сала маған қарай жүгірді. Мен ұрады екен ғой деп қашып, көрші Молдабаевтың кабинетіне кірдім. Кіріп болған жайды айтып жатып құлап түсіппін.
Бейсен Үсенов кабинетінде қойдан жуас, мәдениетті мінез көрсетеді. «Сіз» деп бастаған әр сөзінің алдында «кешірім» өтініп алады. Айтуынша, зейнеткерді де ол дәл осылай қарсы алған көрінеді. Керсінше, 70-ке аяқ басқан екінші топтағы мүгедектің кабинетті төңкере жаздаған адуынынан өзім сасып қалдым дейді.
Бейсен Үсенов, Қарағанды қаласы Қазыбек би ауданы әкімінің орынбасары:
— Ол мені жоғарғы басшылыққа шағымданам деп қорқытты. Айқай -шу көтеріп, өз-өзін ұстай алмады. Мен ол кісіден кабинеттен шығуын сұрадым. Бар болғаны осы. Сөйтсем кейін үстімнен арыз жазып жіберіпті. Мұнда зардап шеккен — мен едім негізі.
Ақлима Уақбаева дәл осы шенеуніктің мына аулаға мемлекет қаржысына әкеп қойған ойыншықтарын көрсетіп жүр. Сыры мен сыны кеткен әткеншектер күнде сынады дейді тұрғындар. Осыны көзге шұқи бергесін шенеуніктің шыдамы сыр бергеніне қария сенімді. Өйткені ауланы қалыпқа келтіруді Серік Ахметовтың өзі тапсырған екен кезінде. .
Қарағандылық шенеуніктер кейінгі кезде тәртіптік кеңестің талқысына кім мықтыны анықтайтындай жарыса, жағаласа түсіп жүр. Бірі қол астандағыларына шошқа бағасыңдар десе, екіншісі халықты малға теңеген. Ал мына азаматтың зейнеткерді итке балағаны үшін тәртібі қаралды. Бірақ осы шенділердің бірде біреуі сөгістен артық жаза алған жоқ. Сондықтан тәртіптік кеңес шенеунік үшін шыбын шаққан құрлы болмай тұр. Ал шамданған қария енді арыз арманын тізіп, премьер-министрге хат жолдамақ ойда.