Бұған дейін билік партиясының мүшелерінен қатаң сын естіп, еңсесі түскен еліміздің бас экономисті Ерболат Досаев бүгін салық реформасын депутаттарға тағы да дәлелдеуге тырысты. Министр құжатқа мынадай өзгерістер енгізіп әкеліпті: енді 4 литрлік көлігі барлар- 225 мың теңге, ал 5 литрден жоғары темір тұлпарларлар мінгендер-360 мың теңге салық төлейді. Сондай-ақ хан сарайындай зәулім үйлерге де салықты бірнеше есеге арттырмақ.
Ерболат Досаев, ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрі:
— Құны бағаланады. Базалық бағасын бүгін ғана енгізіп, алдарыңызға әкеліп отырмыз. Өздеріңіз білетіндей Астана, Алматыда 30 мың болса, 60 мыңға көтереміз. Ал облыс орталықтарында 18 мыңнан 36 мыңға көтереміз.
Алайда министрдің бұл ұсыныстары да мәжілімендерге ұнай қойған жоқ. Үкімет қашқын олигархтардың бюджетке келтірген шығынын халықтың қалтасынан толтырмақ деген коммунистер мен Ақ жол мен партиясы заң жобасына үзілді-кесілді қарсылық білдірді. Өйткені реформадан кейін Қазақстанда тапқан қаржысын шетелге таситындардың саны күрт артуы мүмкін.
Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:
— Осы әрекеттің нәтижесінде байлар тапқан табысты шетелге жұмсауға тырысады. Себебі өз елінде пайдаланса, оларға салынатын салық көбейеді. Қосымша салықтан бас тарту үшін басқа жерде тапқан ақшаны пайдалануға жол іздей береді.
Бастапқыда даулы құжатты 3 сағат бойы талқылаған төменгі палатадағылар тағы да ортақ пікірге келмей, кері қайтарардай болып еді. Дегенмен депутаттардың басым бөлігі заң жобасын жақтап, бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат жылдар бойы игерілмей бос жатқан жер телімдері мен спирттік ішімдіктер мен темекіге салықты көтеруді көздейді. Еліміздің бас экономисті алкогольді өнімдерге салық 100 пайызға, ал 2015 жылы 120 пайызға арттырамыз деп алақандарын ысқылап отыр.
Қоғамда үлкен дау туғызған заң жобасы екінші оқылымда қолдау тапса, тікелей Сенатқа жол тартады. Кейін Елбасының бекітілуіне жіберіледі. Соған қарағанда көпті толғандырған салықты көтеру мәселесі жаңа жылға дейін шешіліп қалуы тиіс.