Алматыда ерлер арасында бокстан әлемнің 17- чемпионаты жалауын түсірді. Бұған дейінгі Милан мен Бакудегі әлем чемпионаттарынан алтынсыз оралған боксшыларымыз, бұл жолы жоспарды екі есе асыра орындады. Екі аптаға созылған Алматы шаршы алаңындағы жекпе-жектер, төрткүл дүниге танылған қазақ боксы мектебінің шеберлік деңгейі әлі де жоғары екенін көрсетті.
Жарыстың соңғы күні спорт сарайын басын көтерген көрермен, чемпиондарға тік тұрып қошемет көрсетті. Бас команда қоржынына алғашқы алтынды Қазақстан құрамасындағы ең әккі боксшы Біржан Жақыпов салып берді. Алматы шаршы алаңында алмас қылыштай жарқылдаған Мерей Ақшалов, финалдық бәсекеде кубалық Ясниер Лопеске дес бермеді. Жерлестеріміздің жеңісті жолын команда капитаны Данияр Елеусінов жалғастырды. Чемпионаттың үздік боксшысы атанған Даниярдың алдында тағы бір кубалық Ариснойдис Диспейн дәрменсіздік танытты. Бәрінен де кеше ғана бас команда сапына қосылған Жәнібек Әлімханұлын айтсаңызшы. Уақыт тауып ат басын әлемдік додаға бұрған елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында намысты қолдан бермеген жас тарлан ирландиялық Джейсон Куиглиді сұлатып салды. 20 жастағы жетісулық боксшы өзін әлі талай көрсетеді деп сенеміз. Шынын айтсақ, осы кеш Қазақстан құрамасынан бесінші алтынды күткенбіз. Бірақ басты үмітіміздің бірінен саналған аса ауыр салмақтағы Иван Дычкомыз, ақтық сында оңбай ұтылды. 2011 жылғы әлем чемпионы азербайжандық Магомедрасул Меджидовтың ауыр соққысынан екі бүгіліп құлаған Иван, марапаттау рәсіміне де шыға алмады. Күмістің сыңғырына құлағы үйренген Әділбек Ниязымбетов, сол өзіне жақсы таныс бағалы металлды қалтасына қайта басты. Ақтаулық арланымыз ақтық сында кубалық қарсыласына жол беріп алды. Иван мен Әділбек күміспен күптелсе, Берік Әбдірахманов пен Қайрат Ералиевтің еншісінде қола жүлде. Ұзын-саны 4 алтын және қос-қос-қостан күміс пен қола алған Қазақстан жалпы есепте командалық бірінші орынды иеленді. Ал, команданың бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов , АИВА осы жылғы үздік бапкері деп танылды.
Футболдан Қазақстан чемпионатының 31-ші турының орталық матчында “Астана” өз алаңында “Ақтөбеден” басым түсті. Көпшілік бұл бәсекеде ақтөбеліктер чемпиондықты тойлайды деп болжаған. Ол үшін қонақтарға тең есеп те жеткілікті болатын.
Бірақ алғашқы минуттан сауатты қорғанып, өткір шабуылдаған астаналықтар оңайлықпен ұпай бермейтінін айқын аңғартты. Жоғары жылдамдықпен өткен матчта қос команда да тамаша комбинациялық ойын өрнегін көрсетті. Көп ұзамай алаң иелерінің ганалық легионеры Патрик Твумаси Андрей Сидельников қақпасын алыстан дәл көздеді. Екінші таймда есеп өзгерген жоқ. Бұл жеңістен кейін “Астана” чемпионат көшбасшысы “Ақтөбеден” тек үш ұпай қалып тұр. Енді соңғы турда “Ақтөбе” “Ордабасын” қабылдаса, “Астана” қарағандыда жергілікті “Шахтермен” шеберлік байқасады.