Әділет Үсіпханды көлік соғып, есінен танып ауыр хәлде жатқанына айдан асты. Мынау туыстарының ұялы телефонға түсіргені. Әуелі ұзақ уақыт аудандық ауруханада жатыпты. Кейін хәлі нашарлай бастаған оны облыстық ауруханаға ауыстырған.
Дулат Байғұт, облыстық балалар ауруханасының нейрохирургі:
— Ес-түссіз жатқанына 36 тәулік болды. Енді екі сан сүйегіне металлосинтез операция жасалынуы керек. Әзірге жағдайы көтермейді.
Әділет көшеде велосипед теуіп бара жатқан кезде қарсы бағыттан шыққан автокөлік соғып өтіпті.
Жүйткіген көліктің нақты қанша жылдамдықпен келгенін ешкім дөп басып айта алмайды. Ауылдастардың айтуынша, соқтығыс мына жерде болған көрінеді. Себебі, мемлекеттік нөмірі көліктің осы жерде қалып қойған. Ал, баланың өзі 20 шақты метрге сүйреп әкеп, мына үйдің алдына әкеліп тастаған. Ал баланың тақымындағы велосидед жолдың арғы бетінде тағы он шақты метрде жатқан.
Енді зардап шеккен баланың ауылдастары жаппай жиналып, осы оқиғаға қатысты әділетті шешім шығаруды талап етуде. Куәгерлердің айтуынша, соққан кезде Ладаның ішінде әйелі мен күйеуі болыпты. Олар көліктен шығып, оның нөмірін шешіп алып, қашуға әрекеттенген. Бірақ, тұрғындар бұған жол бермеген.
Ақмарал Еркебаева, оқиға куәгері:
— Мен жүгіріп шықтым да, жастықты басына қойдым. Басына қойғанымда қолым қан болды. Қорқып кеттік. Түрі жатты баланың. Көзі неғып кеткен. Екі аяғы екі жаққа кеткен.
Әділетті соққандар ауруханадағы ауыр хәлдегі балаға да, туыстарына да кіріп шығып, бірауыз кешірім сұрамаған. Тіпті, көліктің астына баланың өзі түсті, сондықтан сендерді сотқа береміз деп өздері қоқан-лоққы жасаған көрінеді.
Кенжегүл Сабырқұлова, Әділет Үсіпханның анасы:
— Сендердің балалырың кінәлі, менің ешқандай кінәм жоқ деп айтты да ол маған. Одан кейін мен неге өйткесің деген едім. Мен милицияңның барлығының аузын жауып тастағам, не істесең оны істе деді.
Оқиғадан кейін бір ай өтсе де, жол апаты бойынша қылмыстық іс бір апта бұрын ғана қозғалыпты. Оның өзіне тілшілерлер араласа бастаған соң ғана кіріскен. Полицейлер медициналық сараптаманың қорытындысын бір ай күтіп қалдық деп ақталып отыр. Ал жол апатына себепкер азамат әзірше қолхатпен бостандықта жүр.