Ақтөбе облысындағы атқамінерлердің осы былығы Ақордаға дейін жетіп президенттің ашуын туғызған еді. Сол кезде таяқтың ұшы облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке тиген. Ал бір сәтте Шалқарды танымал еткен еліміздегі ең қымбат балабақша осы. Жергілікті әкімдік бұрынғы автобазаның кеңсесі болған ескі ғимаратты 150 млн теңгеге сатып алған. Бұл қыруар қаржыға жаңадан кемі екі бақша тұрғызуға болар еді. Былық ашылған соң қылмыстық іс тек аудандық білім бөлімінің бастығы Қуаныш Табаналыға қатысты қозғалған. Оның өзі сотқа жеткенімен күтпеген жерден қайта тергеуге жіберіліпті. Ал шу шыққан бойда аудан әкімі Рахат Сыдықов қызмет ауыстырып үлгерді. Шалғайдағы Шалқардан облыс орталығына жақын Қарғалы ауданына әкім болып кеткен Сыдықовтан тергеушілер жауап та алмаған. Бүгін Астанаға есеп беруге келген аймақ басшысы да оған шаң жуытқан жоқ.
Архимед Мұхамбетов, Ақтөбе облысының әкімі:
— Тергеу жұмыстарында Рахат Сыдықовтың балабақша жұмысына қатысы барлығы туралы бізде мәлімет болған жоқ. Сондықтан қазір мен баға бере алмаймын. Тергеу сот шешімім күшіне енгесін құқықтық органдар өзінің бағасын береді.