Қарақшылардың қанға былғанған қақпанына түсіп, 3 пен 7 жастағы қос ұлынан, жүкті жұбайы мен бауырынан айрылған Ержан Сатыбалды мен туыстары бүгінгі сотқа түгел келген. Арты шулы боп кетер деді ме сот ауласына жедел жәрдем көлігі де жедел жетіпті. Ал бүтін бір отбасының ойранын шығарған өзбекстандық пен оның екі сыбайласы еңселерін еденнен екі елі көтере алған жоқ. Судья да сиырқұйымшақтап жатпады, үкімді үтір нүктесіне дейін оқып шықты.
— Тұрдиев Икболжан Құрбаналіұлын, Мамреев Ерлан Нұрқасымұлын, Мұқажанов Бақытжан Тұрарбекұлын түпкілікті мүлкін тәркілеп, өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазалауды.
Бұл үшеуі енді жазасын Владислав Челах жатқанАрқалықтағы ерекше тәртіптегі «қара бүркіт» түрмесінде өтейді. Бұл абақтыға тоғытылғандардың ешбіріне кешірім болған емес ешқашан. Алайда бұл жаза да марқұмдардың ет бауыр туыстарының ызасына, наласына тоқтау бола алмады.
Еңіреп етегі жасқа толған отағасы Ержанның да, туыстарының да тұтас отбасын қынадай қырып салған қылмыскерлер жазасын алғанымен, көңілдері көншімеді оған. Ашуы қысты, кек кернеді кеуделерін.
Сұлухан Нүсіпәліқызы, марқұм Нұргүлдің анасы:
— Анасы ретінде менің сыртым бүтін болғанмен ішім түтін будақтап жалындап жанып тұрмын. Жүрегім қан жылап бауырым езіліп қолқа жүрегім үзіліп тұр менің. Кіп-кішкентай баланы өлтірген, шіркін-ай ату жазасы болса, көзімізше атса біз разы болар едік.
Ержан Сатыбалды, жәбірленеуші:
— Енді бұларға өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы берілді. Ол да бұларға жеңіл болып тұр. Өмір бойы бұлар өмір сүреді деген сөз. Бұлар өлу керек, олар біреуді ажал құштырды жер қаптырды қараңғы суық көрге салды.
Қаралы шаңырақтан қылмыс күні жалпы құны 5 миллион теңгеге татитын құнды заттар мен ақша қолды болған. Бір тәулікте 3 қанышер соның 1 миллион теңгеден астамын рәсуа қылған екен. Сол себепті алдағы екі айда айтылған қаржыны қайтаруы тиіс.
Құрықталған күннен бастап қолымен қылған қылмыстарын мойындарына алған үшеуге бас-аяғы үш аптада үкім шықты. Сотталушылардың туыстары келмеді бүгін сот залына, адвокаттары да жұмған ауыздарын ашпады. Ал бүгін еліміздегі ең ауыр жазаға кесілген үшеуі 15 тәулік ішінде сот шешімін қайта қарау туралы арызданса болады.