Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар - kaz.caravan.kz
  • $ 464.71
  • 531.26
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
13 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстандағы жаңа кадрлық тағайындаулар

Елбасы сынынан соң ширыққан Премьер-Министр осы аптада өткен Үкімет отырысында бірқатар министрлердің орынбасарларына сөгіс арқалатса, Білім және ғылым министрінің 2 орынбасары өз еріктерімен жұмыстан кетуге өтініштерін берді. Осы жаңалықтарды іле-шала екі министр Мемлекет басшысының Жарлығымен ауысты. Бұлардан бөлек ҚР Дін істер агенттігінің төрағасы тағайындалып, жергілікті жерлерде де бірқатар кадрлық ауыс-түйіс орын алды. ҚазАқпарат апта ішінде орын алған кадрлық тағайындауларға шолу жасайды.

  • 9 Қараша 2013
  • 542
Фото - Caravan.kz

Сонымен бұған дейін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары — Өңірлік даму министрі болған Бақытжан Сағынтаев Елбасы Жарлығына сәйкес министрлік портфелін соңғы уақыттарда еліміздің Қаржы министрлігінің тізгін ұстаған Болат Жәмішевке табыстады. Ал Б.Жәмішевтің орнын Б.Сұлтанов басты.

Б.Сағынтаев 1963 жылы 13 қазанда Жамбыл облысы Талас ауданы Үшарал ауылында дүниеге келді. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты. «Құрмет» орденінің иегері. Ол Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, ҚР Шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, «Шағын кәсіпкерлікті дамыту қоры» ЖАҚ басқармасының төрағасы, ҚР Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау және шағын бизнесті қолдау жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары, ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі агенттігі төрағасының бірінші орынбасары, ҚР Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттігінің төрағасы, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы, Павлодар облысының әкімі, ҚР Экономикалық даму және сауда министрі, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы төрағасының бірінші орынбасары болған. Осы жылдың қаңтарынан бері ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары — Өңірлік даму министрі қызметтерін қоса атқарған еді.

Мемлекет басшысы Бақыт Сұлтановты ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — ҚР Қаржы министрі қызметіне тағайындады.

1971 жылы 29 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген Б.Сұлтанов Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. Қаржы министрлігінде бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, Бюджет департаменті директорының орынбасары, Мемлекеттік сатып алу жөніндегі департамент директоры, Қазынашылық департаменті директорының орынбасары, Бюджет департаменті директорының орынбасары, Мемлекеттік бюджет департаментінің директоры қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасы экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бюджеттік саясат және жоспарлау департаментінің директоры қызметінде болды. Бұлардан бөлек ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, ҚР Статистика агенттігінің төрағасы, ҚР Қаржы вице-министрі, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі, ҚР Президентінің көмекшісі, ҚР Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған еді.

Ал Өңірлік даму министрі болып Елбасы Жарлығымен тағайындалған Болат Жәмішев Алматы облысында 1957 жылғы 28 маусымда дүниеге келді. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын, Қазақ экономика және АӨК ұйымдастыру ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірді, экономика ғылымдарының кандидаты. Аспирантураны бітіргеннен кейін 1992 жылға дейін бірнеше жыл ғылыми қызметпен айналысты. Кейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, басшы лауазымдық қызметтерді атқарды. ҚР Ұлттық банкі Перспективалық зерттеулер орталығының директоры, Зерттеулер және статистика департаменті директорының орынбасары, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ұлттық зейнетақы агенттігінің директоры, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, ҚР Қаржы вице-министрі, бірінші қаржы вице-министрі, ҚР Ішкі істер вице-министрі, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары, ҚР Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігінің төрағасы, Еуразия даму банкі басқарма төрағасының орынбасары — Жобалау қызметі жөніндегі басқарушы директор болды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін еліміздің Қаржы министрлігінің тізгінін ұстады.

4 қараша күні ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов ҚР Дін істері агенттігінің ұжымына ведомствоның жаңа басшысы Марат Әзілхановты таныстырды. Есте болса, агенттіктің бұрынғы басшысы Қайрат Лама Шариф Мемлекет басшысының Жарлығымен Біріккен Араб Әмірліктерінде Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі болып тағайындалған еді. Ал М.Әзілханов осы агенттік төрағасының орынбасары қызметін атқарған болатын.

Рүстем Құрманов ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Бұған дейін Р. Құрманов министрліктің Инвестициялық саясат департаментінің директоры қызметін атқарған. Құрманов Рүстем Жомартұлы 1981 жылы 17 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 2003 жылы — «АӨК салаларындағы экономист-менеджер» мамандығы бойынша Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін үздік бітірді. 2003 — 2007 жж. — «Экономика және халық шаруашылығын басқару» мамандығы бойынша аспирантурада оқыды. Экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын 2003 жылдың мамыр айынан мемлекеттік қызметте бас маман лауазымынан бастады. 2009 — 2011 жж. — Ауыл шаруашылығы министрлігі Қайта өндеу және аграрлық азық-түлік нарығы департаменті Азық-түлік нарығы басқармасының басшысы. 2011-2013 жж. — Ауыл шаруашылығы министрлігі Инвестициялық саясат департаментінің директоры. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың құрмет грамотасымен және «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталған.

Қарағанды облысында ауыл шаруашылығы; мәдениет, мұрағат және құжаттама; мемлекеттік активтер мен сатып алулар басқармаларының жаңа басшылары тағайындалды. Бұл туралы селекторлық жиын барысында облыс әкімі Бауыржан Әбдішев мәлім етті.


«Конкурстық комиссияның оң қорытындысына ие болған Асанов Бауыржан Қоңырбайұлы менің бұйрығыммен Қарағанды облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалды», — деп таныстырды жаңа жетекшіні өңір басшысы.

Бұл тағайындауға дейін 45 жастағы Б.Асанов ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамту саясаты департаменті басқармасының басшысы болып істеді. Оның алдында ол Қарағанды қаласының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімдерін басқарып, Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасының орынбасары қызметінде болды.

Облыс әкімі сонымен бірге облыстық мәдениет, мұрағаттар мен құжаттамалар басқармасының басшысын таныстырды. Бұл қызметке осыған дейін «Наз» мемлекеттік би театрының директоры болып істеген 47 жастағы Еркебұлан Ағымбаев тағайындалды.

Е.Ағымбаев Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «хореографиялық пәндер оқытушысы» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1985 жылы «Алтынай» халық би балеті ансамблінің әртісі болып бастады. Астана қаласының мәдениет департаментінің өнер бөлімінің басшысы, кейін Астана қаласының мәдениет басқармасын басқарды.

«Менің бұйрығыммен «Б» корпусындағы кадрлық резервтегі Шығамбаев Мұрат Қанапияұлы Қарағанды облысының мемлекеттік активтер мен сатып алулар басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды», — деді Б.Әбдішев.

37 жастағы М.Шығамбаев осы кезге дейін денсаулық сақтау басқармасы басшысының экономика және қаржы бойынша орынбасары болып істеді. Оның алдында Балқаш қаласы экономика комитетінің бас маманы қаржы басқармасының бөлім басшысы қызметтерін атқарған.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы қызметіне Айгүл Оразқызы Есекенованы тағайындады. А.Есекенова 1964 жылы дүниеге келген, білімі жоғары, 1986 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын тарих және қоғамтану мұғалімі, 2002 жылы Қазақ еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын заңгер мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын №1 Чапаев орта мектебінің тәрбиешісі болып бастап, мұғалімдік қызмет жасай жүріп, 1990 жылы сол мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. 1993-1995 жылдарда — Чапаев аудандық білім бөлімі әдістемелік кабинетінің меңгерушісі. 1995-2003 жылдарда — Чапаев аудандық әкімшілігінің аға референті, Чапаев, Ақжайық ауданы әкімі аппараты жалпы бөлімінің меңгерушісі. 2003-2005 жылдары — Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат департаменті ұйымдастыру-әдістемелік жұмыстары, талдау және мониторинг бөлімінің бас маманы, бөлім бастығы. 2005-2012 жылдары — Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат департаменті, облыстық ішкі саясат басқармасының талдау және монтиоринг бөлімінің бастығы. 2012 жылдың қыркүйегінен осы кезге дейін Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары болды.