Далада шашылып жатқан күкірттің қалдығы туралы бұған дейін пыш-пыштап айтқаны болмаса басы бүтін бас көтергендер болмаған дейді білетіндер. Атқамінерлердің тазалап таста деген пәрменін шыбын шаққан құрлы көрмеген “ҚазАзот” серіктестігі кеңестік кезден қалған күкіртте алты аласы бес бересі жоғын айтып байбалам салуда. Жалпы көлемі 100 мың тоннадан асатын зиянды қалдықтың күн астында жатқанына 10 жылға жуықтапты.
Ермек Омаров, Маңғыстау облысы қоршаған ортаны қорғау департаментінің басшысы:
—Серіктестік бұл кеңестік кезден қалған қалдық, қатысымыз жоқ деп қайтпай отыр. Алайда осы аумақты алғанда күкіртті тазалап тастау керегі ескертілген болатын. Енді бұл зиянды қалдықты басқа қауіпсіз жерде апарып төгуден басқа амал жоқ. Өйткені күн өткен сайын күкірт айналаға үлкен залал әкелуде.
Көкпарға түскен түйткілді тартыста серіктестік пен жергілікті билік кім мықтыны анықтап жатқанда, қарапайым қарашаның жағдайы күрт қиындаған. Өйткені тау-тау болып төгілген күкірт пен жақын маңдағы ауыл-аймақтардың ара қашықтығы бар-жоғы 1 шақырым. Күнде улы ауаны жұтқан жұртқа шенеуніктердің айда-жылда бір көріп кеткені де ем болмай тұр.
Жібек Гүлманова, Мұнайлы ауданының тұрғыны:
— Қазір әр түрлі аурулар бар. Жас сәбилер ауырып жатыр, олар неден? Бәрі осы зауыттардың әсерінен. Жерде құммен араласып әсіресе Маңғыстауда екі күннің бірінде жел-шаң. Соның бәрі бізге әсер етеді.
Күкіртті бір төбенің басын бір төбеге қоса ұйытқыған жел жыл он екі ай соғады бұл арада. Демек қолдан қойылған тау-тау уды айналадағы ағайынның әлі талай жұтуына тура келмек. Өйткені Ақтаудан 7-8 шақырым жердегі күкіртті тазалауға “ҚазАзот” құлықсыз, ал биліктің тақымы осал сілтеген шоқпары ауа қармап жатыр әзірге.