Сонымен Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Жамбылұлы Қаппаров Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрі болып тағайындалды.
1970 жылы дүниеге келген ол Алматы технология институтын, Гарвард университетінің Дж. Кеннеди атындағы Жоғары басқару мектебін бітірген, мамандығы бойынша инженер-экономист, мемлекеттік басқару магистрі. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін «Акцепт» корпорациясын құрып, 1991 жылдан 1997 жылға дейін оның президенті болды. «ҚазТрансОйл» мұнай тасымалдау жөніндегі ұлттық компания», «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы» акционерлік қоғамдарының президенті болып жұмыс істеді. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрінің орынбасары болып тағайындалған. 2003 жылдан — «Ланкастер групп Казахстан» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 2012 жылдың қаңтар айынан бастап ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрi болып тағайындалған.
Ал Елбасы Өкімімен ҚР Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалған Анатолий Григорьевич Дерновой 1951 жылы дүниеге келген. Қарағанды медициналық институтын тәмәмдағаннан кейін Талдықорған облысының Киров аудандық санитарлық-эпидемиологиялық станциясының санитарлық бөліміне меңгеруші ретінде жолдама алды, кейін СЭС бас дәрігер болып тағайындалып, сол лауазыммен 1981 жылға дейін қызмет атқарды. Содан кейінгі жылдары Қазақстан Компартиясы облыстық комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімінің нұсқаушысы, Талдықорған қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан Компартиясы ОК нұсқаушысы, Қазақстан Компартиясы Алматы облыстық комитетінің нұсқаушысы, Алматы облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, ҚР Бас мемлекеттік санитар дәрігері, ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының бастығы, ҚР Денсаулық сақтау министрі қызметтерін атқарған.
Сонымен қатар осы аптада ҚР Білім және ғылым вице-министрі қызметіне Тахир Оспанұлы Балықбаев тағайындалды. Ол С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 2003 жылы «Жоғары оқу орындарында студенттер контингентін қалыптастырудағы ақпараттық үлгінің теориялық-әдістемелік негіздері» тақырыбында педагогика ғылымдарының докторы ғылыми атағын алды. Қазақ ұлттық аграрлық университетінің оқу-әдістемелік жұмыстары жөніндегі проректоры, ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім беру мен тестілеу мемлекеттік стандарттары ұлттық орталығының директоры, ҚР БҒМ Ғылым және білім беру саласын бақылау мен аттестациясы жөніндегі комитетінің төрағасы, Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясының президенті, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті ректорының міндетін атқарушы және басқа да қызметтер атқарған. Қазақ технология және бизнес университетінің ректоры болды. Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Халықаралық бизнес академиясының ректоры қызметінде болды. 140 монография, оқу құралдары мен мақалалардың авторы. Т.Балықбаевтың ғылыми басшылығымен 8 кандидаттық және 4 докторлық диссертация қорғалған.
Сондай-ақ ҚР Бас прокурорының бұйрығымен Бақытберген Иембергенұлы Қасымбаев Бас әскери прокурордың орынбасары болып тағайындалды. Әділет полковнигі Б.Қасымбаев әскери органдардың қызметінің, сот актілерінің және сотта мемлекет мүддесін білдіру заңдылығына, сондай-ақ, әскери қызметшілер, ұсталған, қамауға алынған және қылмыстық жазаны өтеп жатқан адамдардың құқықтарын сақтауды қадағалау мәселелеріне жетекшілік ететін болады.
Бұған дейін бұл қызметті атқарған Бауыржан Қыпшақұлы Мырзакеров Павлодар облысы прокурорының орынбасары болып тағайындалды. Б.Мырзакеров 1975 жылы 7 сәуірде Жезқазған облысы Ағадыр ауданы Ағадыр селосында дүниеге келген. 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша тәмамдаған. 1997-2009 жылдар аралығында әскери прокуратура органдарында түрлі қызметтер атқарған. 2009-2013 жылдары бас әскери прокурордың орынбасары болған.
ҚР ІІМ басшысының бұйрығымен Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің басшысы болып полиция полковнигі Ахан Саттыбайұлы Қажкенов тағайындалды. А.Қажкенов 1958 жылы 6 қаңтар күні Көкшетау облысының Ленинград ауданы Бостандық кеңшарында дүниеге келген. Алматы КСРО ІІМ арнайы милиция орта мектебін, КСРО ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген. Мамандығы — заңгер.
Ішкі істер органдарындағы қызметін 1981 жылы Көкшетау облысы Денинград ауданы ІІБ қылмыстық іздеу бөлімінің инспекторы болып бастады. 1990 жылдан бастап Көкшетау облысы Еңбекшілдер ІІБ басшысының орынбасары болып істеді. 1993 жылдан бастап жетекшілік қызметтерді атқарды, Көкшетау облысы Чкалов ауданы ІІБ, Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы ІІБ басқарды. 2000 жылы Көкшетау қаласы ІІБ-сын басқарды. 2001 жылы Ақмола облысы МІІБ басшысының орынбасары, ал 2003 жылы Ақмола облысы ІІД басшысының бірінші орынбасары, 2008-2012 жылдар аралығында ҚР ІІМ Криминалдық полиция комитеті төрағасының орынбасары болды. Соңғы қызметі — Ақмола облысының ІІД басшысы.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бұйрығымен Әлімхан Нұрмаханұлы Тұрлыбеков Орал қалалық мешітінің бас имамы болып тағайындалды. Бұрынғы бас имам Руслан Сұлтанов өткен айдың басында ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы болып ауысқан еді. Әлімхан Нұрмаханұлы 2009-2013 жылдар аралығында «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» республикалық ислами діни бірлестігінің «Орал» медресесі (ислами орта арнаулы оқу орны) жеке мекемесінде директордың орынбасары және өткен жылдан бері Орал қалалық мешітінде наиб имам қызметтерін атқарды.