Шойын жолдың бойында болған апаттан шошынған маңғыстаулықтар әлі естерін жия алмай жүр. Тамақ пен Маңғышлақ бөлімшесінде тепловоз тіркемесіндегі цистерналар бірінен кейін бірі жарылғанда жұрт нестерін білмей қатты қорыққан.
Жанармай таситын көлік темір жолды кесіп өтердепойызбен соғысқан. От тез тұтанғаны сонша, санаулы сәтте тепловоздан бастап 17 цистернаны өрт шарпыпты. Әйтсе де құтқарушылар жылдам жетіп қалған 36 тіркемені ағытып үлгерген.
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар жөніндегі министрі:
— Автокөлік жүргізушісі ережені өрескел бұзған. Теміржолдан өтерде мән беріп жан-жағына қарамаған.
Қазір апатқа кінәлі деп танылған 52 жастағы Сүндетов абақтыда отыр. Айтуынша, өткелден өтерде ол ешқандай тепловозды көрмепті. Отыз жылдай көлік жүргізіп келе жатқан азаматтың сол күні сау болғанын сараптама да анықтаған.
Д.Сүндетов, автокөлік жүргізуші:
— Былай-былай қарадым көрінбеді. Өттім. Бір уақытта жарылыс болды. Тарс болды. Қарасам, артымда пойыз. Мен ол пойызды көргем жоқ. Қарадым былай екі жағыма да. Пойыз көрген жоқпын. Көзімді байлаған шығар.
Тепловоздан өрт шыққанда машинист Берік Құлбарақов сыртқа секіріп үлгеріпті. Ал көмекшісі тірідей жанып кеткен. Қазір денесін күйік шалған Беріктің жағдайы ауыр. Әрлі-берлі тасымалдауға келмейтіндіктен, Астанадан мамандар да шақыртылған.
Нұрлан Тілепов, Маңғыстау облыстық ауруханасының бас дәрігері:
— Қазіргі таңда Беріктің жағдайы қиын. Бірақ тұрақты деп есептейміз. Дәрігер келіп тағы да сол план анықтап қарау керек болса өзгерістер жасау керек болса, ем өзгерістерін жасау керек болса жасаймыз.
Қазір арнайы комиссия апаттың себебі мен келтірілген шығынды анықтауға кірісті. Экологтар қоршаған ортаға келген залалдың шығынын автокөлікке иелік ететін «Эмир ойл» компаниясы өндіруі мүмкін деп отыр. Ал қаза тапқан теміржолшы мен жараланған машинистің отбасына жергілікті билік қаржылай көмек көрсетуді өз мойындарына алды.