ҚР Өңірлік даму вице-министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бүгінде республика бойынша нақты 313 тірек-ауыл анықталды. «Жалпы, тірек-ауыл — бұл инженерлік инфрақұрылымы дамыған елді мекен. Ол білім беру, денсаулық сақтау, қаржы және мәдени шаралар жағынан көрші жатқан ауылдарға жан-жақты қызмет көрсетуі тиіс. Қазіргі кезде ондай ауылдар анықталды», — дейді С.Жұманғарин. Осыған орай, келесі жылдан бастап еліміздегі 313 тірек-ауылды дамыту жұмысы басталады. Биылдың өзінде осы мақсатта 43 млрд. теңге бөлінген. Вице-министр атап көрсеткендей, аталған бастама аясында «Жұмыспен қамту — 2020» мемлекеттік бағдарламасының қолдау шараларын жан-жақты пайдалану жоспарланған.