80-ге таяған кейуана жәрдемақыға күн көре алмай, өлместің күйін кешуде - kaz.caravan.kz
  • $ 464.71
  • 531.26
+33 °C
Алматы
2026 Жыл
12 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
80-ге таяған кейуана жәрдемақыға күн көре алмай, өлместің күйін кешуде

80-ге таяған кейуана жәрдемақыға күн көре алмай, өлместің күйін кешуде

Жәрдемақыға жарымағандар! Петропавлдық Әлпеш Зайнулина жасы сексенге жақындап қалса да зейнетақы алмайды. Мемлекет оған  асыраушысынан айрылып, тылда еңбек еткені үшін 15 мың теңгедей ғана жәрдемақы төлейді екен. 20 жылдай жарытып тамақ жемеген жалғызбасты қария бүгінгі күнін соғыстан кейінгі жылдарға теңеп отыр. Егде тартқан  шағында аз ғана жәрдемақыға қарап қалған қарияның күйбең тірлігін тілшіміз көріп қайтты.

  • 21 Қараша 2013
  • 500
Фото - Caravan.kz

Мына ескі радио Әлпеш әжейдің кешкі ермегі. Өйткені істен шыққан  теледидарын жөндейтін ақшасы жоқ. Ол түгілі дастарханындағы күндегі асы нан мен шәй ғана. Көршілері берген тоқаш – қазір ол үшін таңсық тамаққа айналған. Ай сайын алатын 15 мың теңгесінің жартысы коммуналдық төлемдерге кетеді. Қалғаны бір айлық азық-түліктің ақшасы.

Әлпеш Зайнуллина, Петропавл қаласының тұрғыны:

 — Жарытып ет жегем жоқ құлыншағым. Қайдан жарытып жеймін? Пенсия алғанда, әйтеуір, бір рет тоясың. Пенсия алған күні. Бастысы нан болса болды!

15 жыл бұрын жолдасы қаза тапқанда ауылдағы бар мал-мүлкін сатып, мына пәтерді алыпты. Алданып қалғанын кейін білген. Қабырғасы сыз тартып, едендері шіріген үйдің жертөлесі қысы жазы суға толы. Бұл да жығылғанға жұдырық болып тұр. Суды сорғызып, пәтерді жөндеуге қарияның қазір қаржысы да, шамасы да жоқ.

Өмір бойы ауылда тұрған әжей соғыс жылдары масақ теріп, кейін жолдасы қызмет еткен дүкенде от жағушы болып істеген. Бірақ еңбек кітапшасын аштырып, оған жұмыс уақытын жаздыруды ешқашан ескермепті. Осының кесірінен 25 жыл бұрын зейнет жасына жеткенде мемлекет оған  зейнетақы емес, асыраушысынан айрылып, тылда еңбек еткені үшін жәрдемақы ғана тағайындаған.

Наталья Миронова, Бақылау және әлеуметтік қорғау департаменті басшысының орынбасары:


— Бірде-бір күн еңбек өтілі жоқ жандарға мүлде зейнетақы тағайындалмайды. Оларға жасы ұлғайғаны үшін 9 мың теңгедей әлеуметтік жәрдемақы ғана беріледі. Бұл ең төменгі төлемнің тең жартысы.

Мұндай ақшаға ересек адамның бір ай бойы қалай күн көретінін Әлпеш әжейдің күнделікті тірлігіне қарап түсінесің.   

— Сіз не жесем деп аңсайсыз? Сүйген тамағыңыз бар ма?

— Сүйген тамағым-ет. Сорпа ішсем деп аңсайсың етпен.. Етпенен салманы армандайсың.

Қазір Солтүстік Қазақстан облысында Әлпеш әжей сияқты мүлде зейнетақы алмайтын 159 жан тұрады. Мемлекет олардың біріне жасы ұлғайғаны, екіншілеріне асыраушысынан айырылғаны үшін түрлі жәрдемақы тағайындапты. Бірақ олардың жалпы сомасы 15 мың теңгеден аспайды екен.   

Күйбең тірліктен қажыған қарияның тұрмысы шыныменде соғыстан кейінгі кезеңдерді еске салады. Алатын ақшам көбірек болғанда, мүмкін  туыстарым паналатар ма еді деп қынжылып отыр қазір шарасыз кейуана.  

— Қайда барайын? Өле алмай отырмын ғой. Өлгім келеді, өле алмайсың ғой. Өзіңе өзің пышақ салуға қалай? Құдай басқа салмасын, басқа салмасын.