Президент Үкімет пен Жоғары Сотқа азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа нұсқасын әзірлеуге тапсырма берді - kaz.caravan.kz
  • $ 464.71
  • 531.26
+32 °C
Алматы
2026 Жыл
12 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Президент Үкімет пен Жоғары Сотқа азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа нұсқасын әзірлеуге тапсырма берді

Президент Үкімет пен Жоғары Сотқа азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа нұсқасын әзірлеуге тапсырма берді

Адамның тағдырын шешетін фемида қызметкерлері ешкімге жалтақтамай әділ төрелігін шығаруы тиіс. Бүгін Астанада судьялардың алтыншы құрылтайына қатысқан Елбасы осылай деп мәлімдеді. Сондай-ақ соттарда істердің ұзақ қаралатыны, қазылардың қателікке жиі ұрынатыны және жең ұшынан жалғасқан жемқорлық та ашық айтылды. Осындай түйткілдердің шешу үшін сот жүйесі алдағы уақытта тағы реформаланбақ.

  • 21 Қараша 2013
  • 375
Фото - Caravan.kz

Бұл адамдардың орнынан тұрып ілтипат білдіруі өте сирек жағдай. Бірақ Елбасына ерекше құрмет көрсетті. Судьяларды президенттің өзі тағайындайтынын ескерсек, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев оларға нағыз шеберлік сағатын өткізді. Дәрісті сенаторлықты тапсырып, бұрынғы жайлы орнына қайта келген Жоғары Соттың төрағасы Қайрат Мәми де мұқият тыңдады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Азаматтардың барлық мәселесін сот шешуі керек. Құқығын қорғауы тиіс. Мен мемлекетте сот жүйесінің дамуына көп көңіл бөліп отырмын. Сондықтан сіздер де жауапкершілікті түсінулеріңіз керек.

Жауапкершілік дегенде қара қылды қақ жаруы тиіс билер төмен қарады. Оның үстіне адамның тағдыры ойыншық емес. Алайда судьялар  істің қаралуын сағызша созып жіберетіні бар. Сөйтіп шешім шығарарда жаза басып, қателікке бой алдыратындар көп.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Судьялардың біліктілігі әлі күмән тудырады. Оның үстіне өздері жиі заң бұзады. Сондықтан аудандық, облыстық сот төрағалары  қызметкерлеріне қатал қарауы тиіс. Бірақ олар өз атыма кір келеді деп бағыныштыларын жазадан арашалап алуға жанталасады.

Енді беделін ойлап жанталасатындарға тықыр таянды. Жеке басының қамын күйттейтіндерді Елбасы мүлдем қуу керек деді. Өйткені соңғы уақытта сот жүйесі жанжалдан арылмай қойды. Тіпті былтыр 70 мың доллар пара алды деп Жоғары соттың қос судьясы Сайлаубек Жәкішев-10, Алмас Тәшенова-12 жылға абықтыға тоғытылған болатын. Одан қалды шешімге көңілі толмаған азаматтардың сот ғимаратының алдында өткізетін наразылықтары жиілеген. Сондықтан судьялар ешкімге жалтақтамай әділ төрелік етуі тиіс. Қысымға да төтеп беруі керек.


Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:

Вы же судьи! Вы должны сами себя защищать. Хоть один процесс был по поводу нажима? Потому что Конституцией, законами запрещен нажим на судей. Это самостоятельная независимая власть.

«Тәуелсіз» деген аты бар Фемида қызметкерлері президентке мұңын шағуды ұмытқан жоқ. 300-800 мың теңгенің аралығында жалақы алатын судьялар демалысқа шыққан соң берілетін зейнетақыларының тым төмендігін айтып отыр. Сондай-ақ қағаздан бас ала алмаймыз деп күйінді. Себебі бір судья айына 100 процесске төрелік етеді. Ал еліміз бойынша бір жылда бір миллион іс қаралады екен. Осы жерде мемлекет басшысы штат санын көбейтуге келісті. Яғни, келер жылдан бастап сот тағы мың судьямен толықпақ. 

Қысқасы, сот жүйесін тағы да реформалар күтіп тұр. Мемлекет басшысы Үкімет пен Жоғары Сотқа азаматтық іс жүргізу кодексінің жаңа нұсқасын әзірлеуге тапсырма берді. Бұл құжат сотқа түскен істердің шапшаң қаралауына мүмкіндік береді деген үміт бар. Ал Елбасыдан екі сағат бойы дәріс тыңдаған судьялар алдағы уақытта әділдік атаулыдан аттамауға уәде беріп тарқасты.