Шетелде оқыған түлектердің жағдайы жаман емес секілді. Мерейтолық форум өтетін «Тәуелсіздік» сарайына қымбат көліктерімен келіп жатыр. Іште нағыз қарбалас. Ал мына «Болашақтың» алғашқы қарлығаштары әлдеқашан саяси элитаның санатында. Жүздері жарқын, сәнді киінген, көзілдіріктері де арзанқол емес. Жиналғандарды Нұрсұлтан Назарбаев көп күттірген жоқ. Елбасы төрге жайғасқан соң алдымен Батыстың маңдайалды университетінде білім алып жатқан қыз-жігіттер тікелей байланысқа шықты. Араларында қазір Лондонда оқып жатқан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевте бар.
Атақты боксшыны қалжыңмен қағытқан президент өзін асыра мақтаушылардың қатары сейілетін шығар деп ойласа керек. Бірақсыртта жүргендерден елдегілер қалысқан жоқ.
Мақсат Ысқақов, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты:
— Кешегі Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың баласы Келдібек Кембриджде оқыған жоқ. Орақ тілді от ауызды бабаларымыз Оксфордтты бітіріп Гарвардттың дипломын алған жоқ.
— Мақсат, қайда жұмыс істеп жүрсің? Қайда оқыдың?
— Тіл комитетінің төрағасымын.
— Нағыз баратын жеріңе барыпсың. Осыны түсіндір еліңе.
— Нұрсұлтан Әбішұлы, Қонысбаев айтқандай жылым жылқы болғасын ба, өмірім бәйгеге ұқсайды, топты көрсем тыпырлап отыра алмаймын. Айып етпейсіз.
Экономиканың тоқырау жылдарында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасы бойынша 20 жылдың ішінде мыңдаған жас шетелде шыңдалып қайтты. Қазынадан бөлінген қаржыда қисап жоқ. Тіпті бүгін 10 мыңыншы стипендиятқа арнайы кәулік табыс етілді.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының президенті:
— Мемлекеттің тізгіні мен шылбыры қолдарыңа тиген кезде сендер нағыз ысылған, тәжірибеде шыңдалған маман боласыңдар. Сол тұста менің сендерге айтатын аманатым: әр уақытта күндіз-түні қазақтың тәуелсіздігін естен шығармаңдар.
Ағынан жарылып аманатын айтқан Елбасы Батыста білім алып жатқан жастарға көп міндет жүктеді. Оларды келешек ел басқарушылар деп атаған Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» бағдарламасының аясында «Қазақстан-2050» ұлттық қозғалысын құруды ұсынды. Ұйым-даму стратегиясында көрсетілген міндеттерді орындауға атсалысып, халықты ұлы іске жұмылдыруы тиіс.