Тұтас бір компанияның жұмысшыларын қоғадай жапырған қандай нәубет екенін сараптама жасаған мамандар әлі таппай әлек. Мұнайшылар бірінен соң бірі белгісіз заттан уланып жер бауырлап қалған еді. Дәрігерлер кеп жеткенше оның екеуі көз жұмған. Жетеуі Жаңаөзендегі қалалық ауруханада қалдырылып қалғандары облыстық ауруханаға әуе көліктерімен жеткізілген болатын. Бүгін сырқаттардың саны тағы 3 мұнайшыға артты. Олардың да хәлі өте ауыр. Жалпы саны 31 адам аурухана төсегіне таңылған. Осынша адамды улаған қандай инфекция екенін сарапшылар да таппай жатыр. Жорамалдары көп, бірақ дөп басып айтар жауаптары жоқ.