«2011 жылы қазақ тілінің 15 томдық түсіндірме сөздігі шықты. Біз Қазақстанда тұңғыш рет 150 мыңнан астам сөз бен сөз тіркесінің үлкен реестрін құрастырдық. Мәселен, қырғыз ағайындардың шығарған 2 томдық түсіндірме сөздігінде 50 мыңнан астам ғана сөз бен сөз тіркесі бар екен. Өзбектердің 5 томдық түсіндірме сөздігіне 80 мыңға жуық сөз бен сөз тіркесі енген. Ыстамбұлда әбден толықтырылған 11-ші редакциямен шыққан түрік тілінің түсіндірме сөздігіне 92 мың атау сөз кірген, сөз тіркестерін қоса есептегенде 130 мыңның маңайында шығады. Осы 15 томдықтың сығымдалған 1 томдық үлгісі бүгін жарық көріп отыр. Бұл сөздікте 106 мың атау сөз бен 48 300 сөз тіркесі қамтылып отыр. Бұл қазақ тілі дүниежүзінің 30-дан астам халықтарының тілдері ішінде ең бай тіл екендігін дәлелдейтін басылым», — деді министр.
Елбасы Н.Назарбаев осы сөздікке берген алғысөзінде: «Тіл — ұлтпен бірге жасап, толассыз толығып отыратын құбылыс. Қолдарыңызға ұстап «Қазақ сөздігі» — біздің мемлекеттік тіліміздің түркі тілдер тобындағы ең бай тіл екендігін айғақтайтын бірегей басылым» деп баға берді.
«Қазақ сөздігін» түзу отандық және әлемдік дәстүрлерге және теориялық зерттеулерге сүйеніп жасалған.