Ақтөбе облысында баланы парамен алған балабақша меңгерушілеріне қатысты іс қозғалды - kaz.caravan.kz
  • $ 488.37
  • 559.77
+29 °C
Алматы
2026 Жыл
21 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбе облысында баланы парамен алған балабақша меңгерушілеріне қатысты іс қозғалды

Ақтөбе облысында баланы парамен алған балабақша меңгерушілеріне қатысты іс қозғалды

Ақтөбе облысында бірнеше балабақша директорына қатысты іс қозғалды. Прокурорлар барлығының да пара алғанын анықтаған. Яғни, өңірде жүздеген бөбек мектепке дейінгі мекемеге кезектен тыс қабылданып келіпті. Атап айтсақ, заңсыздық Әйтеке би, Хромтау, Темір аудандарында және Ақтөбенің өзінде тіркелген. Соңғысында тіпті араны ашылған басшы бірден 90 баланы арнайы жолдамасыз қабылдап алған екен.

  • 24 Қыркүйек 2014
  • 508
Фото - Caravan.kz

Мынау — Ақтөбедегі мектепке дейінгі балаларды тәрбиелейтін «Арман» атты мекеме. Қаладағы 17 балабақшаның ішінде ең озық деген мәртебеге ие. Арнайы бағдарламамен оқытатын мекмеде бассейн мен саунаны айтпағанда, қысқы баққа дейін бар. Содан болар, мұнда сәбиін тәрбиеге беруге  ниетті ата-ана қарасы көп. Әрине, оны балабақша басшылығы ұтымды пайдаланып, ұртын майлап келген екен. Бұл таяуда жүргізілген прокурорлық тексерістен кейін анықталған жайт.

Маратбек Мырзамұратов, Ақтөбе облыстық прокуратурасының бөлім бастығы:

— Білім беру басқармасынан тиісті жолдамасыз қаладағы бір «Арман» балабақшасына 90 бала қабылданған. Бұл бойынша біз тиесілі ұсыныстарды енгіздік.

Әшкере болған былықтан соң бірден мекеме меңгерушісі мен есепші қызметінен алыныпты. Қазір бұл балабақшаға басқа басшы келді. Қуылған ескі басшыдай емес, жаңа директор заңсыздаққа бармаймын деп отыр. Бүгінге дейін тіркелген 300 баланың барлығының да Білім басқармасынан жолдамасы бар көрінеді.


Райхан Ахметова, балабақша меңгерушісі:

— Жолдамасыз қабылданған балалар қазір мұнда жоқ. Барлығын шығардық. Қызметті қабылдап жатқаныма екі жеті болды. Мәселені реттеудемін. Бар балалардың барлығының құжаттары заңды.

Құзырлы орынның кезекті тексеруінен кейін мұндай былық облысқа қарасты тағы бірнеше аймақта да тіркелді. Мәселен, Әйтеке би, Хромтау және Темір аудандарында көк қағаздың күшімен кезектен тыс балабақшаға өткен бүлдіршіндердің саны көп. Қазір олардың меңгерушілеріне қатысты іс қозғалып жатыр. Ал Ақтөбе қаласы бойынша, әлі балабақшаға баруға ниетті 27 мың бөбек бар.