СУ-27 әскери жойғыш ұшағы дәл осы жерге құлаған. Жетіжал ауылынан 15 шақырым жердегі еспе құмның арасы. Ал апат орнына жолау мүмкін емес. Маңайына қарулы күзет қойылған.
—Түсірмеңдер, кетіңдер!
Мұнда жәй көлік түгілі әскери техниканың жүріп тұруы қиын. Сондықтан апат себебін анықтауға келген мамандар тек тікұшақпен жеткізілуде.
-Апатқа ұшыраған ұшақтың қалдықтары әлі де іздестіріліп жатыр. Жойғыштың көп қосалқы бөлшектері әлі жоқ. Дегенмен алыстан қазір гүрілдеген техниканың дыбысын естуге болады. Бірақ, өкінішке орай, оларды сіздерге көрсете алмаймыз. Себебі, көріп отырғандарыңыздай тәртіп қатал, әрі қарай өтуге жол жоқ.
Әскери әуе күштеріне тиесілі Су-27 сейсенбі күгі түнде құлаған болатын.Ұшақты әуеде бүтін күйінде соңғы рет көрген мына жігіт. Жарылыс туралы ең бірінші хабар жеткізген де осы. Жалғыз куәгерге әскерилер алғашқыда сенбеген екен.
Айдын Көпенов, оқиға куәгері:
— Құлаған ұшақ екеніне 100 пайыз сенімді болдым. Тиісті орындарға дереу хабарын бердім. Түнімен іздеу шараларында бірге болдым.
Куәгердің айтуынша, ұшақ құламас бұрын әуеде жарылған. Содан бар жылдамдығымен келіп құмға қадалыпты. Екі пилот Ерлан Науанов пен Денис Горбунов отырған кабина тіпті 5 метр жерге кіріп кеткен. Ал қалдықтары 500 метр аумаққа шашылған.
-Біз әлі сенбейміз! Ол тірі әлі. Сүйегін көрмегенше….
Бұл сол подполковник Ерлан Науановтың әулеті. Қайғыдан қабырғасы қарс айырылған отбасы болған жайтқа әлі де сене алар емес. Небәрі 37 жастағы командирдің артынан 4 бірдей баласы қалған. Ең кенжесі әлі 3 айлыққа да толмаған нәресте.
Ербол Науанов, Ерлан Науановтың ағасы:
—Көпшіл еді, аға бола білді. Аға бола білді ғой. Басқа ештеңе айта алмаймын…
Ұшқыштардың мәйіттері туыстарына әлі берілмеген. Медициналық сараптама өткізілген біткен соң ғана құрметпен жер қойнауына тапсырылады. Апаттың себеп-салдары да әзірге белгісіз. Анығы сол, қос ұшқыш та өз ісінің тіс қаққан мамандары. Әуеде өрескел қателік жіберуі мүмкін емес деп отыр қайғы жамылған туыстары.