Студенттер 21 жасқа толған досын құттықтауға қала ортасындағы жалдамалы пәтерге жиналған екен. Дүкеннен арақ-шарабын алғанымен, тамаққа ақшалары жетпесе керек. Сөйтіп, ішімдіктен біраз сілтеген соң арақтың буымен тіскебасар іздеп, далаға шыққан. Бірақ алысқа ұзамай, сол ауладағы көкөніс сататын дүкеннің құлыбын пышақпен бұзып бір қорап алма мен бір қорап қызанақты көтеріп кеткен. Көрші-қолаңның ескертуін де мас жігіттер елемепті. Тек тәртіп сақшылары есік қаққанда, істің насырға шапқанын түсініп ұрлық алма мен қызанақты терезеден лақтырып жіберген. Дегенмен, бұлай жазадан сытылмасы анық. Ұрлық дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Ал, туған күн иесі 21 жасын енді ұмытпастай болды.