Бауыржан Әбдішев, күдікті:
-80-дегі анам ауруханада жатыр. Қыркүйектің 9-шы жұлдызында туған апам қайтыс болды. Алла қаласа 16- шы қазанда қырық күндік асы беріледі. Үйде кәмелетке толмаған 2 балам бар. 11 жастағы екінші ұлым 5 жасынан бастап қант ауруымен ауырады. Құрметті сот, менің ешқайда кетуге ойым да, ондай іс әрекетім де жоқ.
Осылайша экс-әкім тергеу кезінде анасының 3 бөлмелі пәтерін кепілге қойып бостандықта болуын сұрады. Бірақ прокурор мен сот Әбдішевке сенген жоқ. Олардың пайымдауынша, шенеунік бостандықта жүрсе, қашып кетуі немесе тергеу ісіне ықпал етуі әбден мүмкін. Қорғаушылардың да келтірген дәйектері мен ұсыныстары ескерілмеді. Түнгі сағат 3-тер шамасында жүрген сот процесі Әбдішевтің тергеу абақтысына екі ай мерзімге жабылуымен қысқа қайырылды. Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевке қатысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалып, ол үш күн бұрын өз үйінде ұсталған болатын. Оған мемлекетке тиесілі жер телімдерін заңсыз сатты деген айып тағылуда.