Ақпарат құралдарында жарнамасы жер жарған «Төленді» компаниясын тексере келе, әкімдік олардың қолында құрылыс жүргізуге еш рұқсат құжаттары да болмағанын анықтапты. Дегенмен компанияның салып жатқан үйлері салыстырмалы түрде басқа бәсекелестерінен төмен көрінеді. Әкімдік осы арзан үйден күдіктенсе керек. Қазір «Төлендіге» қатысты іс қозғалып, тексеру жүріп жатыр. Айта кетсек, бұл Елордада үй салып жатқан құрылыс команияларына қатысты алғашқы жанжал емес. Бір ай бұрын ғана «Әл-Баракат» деп аталатын фирманың ісінен де шикілік тауып, ісін сотқа берген болатын. Қазір осы екі құрылыс мекемесіне қатысты қылмыстық іс қозғалып, құрылтайшыларынан жауап алынуда.
Гүлжан Кивенова,Астана қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары:
— Біз апта сайын бас қосып, осындай құрылыс компанияларын анықтап жатырмыз. Мұндай мекемелердің қатары әлі де өсуі мүмкін. Әзірге қалалық ішкі істер департаменті «Аль-баракат» пен «Төленді» құрылыс компанияларына қатысты іс қозғап отыр. Екеуінің де тағдыры бір-біріне ұқсас.
