Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің президенттері ағымдағы жылдың 29 мамырында Астанада қол қойған болатын.
Шартқа сәйкес, Қазақстан, Ресей мен Беларусь мемлекеттерің Еуразиялық экономикалық одақты құрады. Заң Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесінде мемлекеттер экономикасының тұрақты дамуы үшін жағдай жасауға бағытталады. Сонымен қатар, Заң шеңберінде тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысына қатысты бірыңғай саясат жүргізу қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, шартта тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің, ресурстардың бірыңғай дамуын қалыптастыруға ұмтылу көзделіп, жаһандық экономика жағдайында ұлттық экономикаларды жандандыру, олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қарастырылады. Бұл ретте ЕАЭО халықаралық құқық субъектілеріне ие, өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы болып табылады.
Шартты ратификациялау экономикалық ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ынтымақтастығына септігін тигізеді. Өткізу нарығын кеңейту мен инвестициялық тартымдылықты арттыру негізінде Қазақстанға қайта өңдеу өндірістерін дамытуға, газтасымалы, теміржол, автомобиль инфрақұрылымына қолжетімділікті қамтамасыз етуге, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер нарығына отандық тауарлардың шығуына кедергілерді жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экспорттаушылардың әріптес елдердің көлік инфрақұрылымына қол жеткізу үшін қолайлы жағдай жасалатын болады. Мұның өзі көліктік шығындарды азайтуға және үшінші елдер нарығында қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Шартқа сәйкес, ЕАЭО өз қызметінде тараптардың егемендігі мен олардың аумақтың тұтастығы қағидаттарын қоса алғанда, халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған қағидаттарын құрметтеу, мүше елдердің саяси құрылымының ерекшеліктерін құрметтеу, тараптардың өзара тиімді ынтымақтастығын, тең құқылығын және ұлттық мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз ету, нарықтық экономика және адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау негізінде жүзеге асыратын болады.
«Шарттың мәні тек қана экономикалық ынтымақтастық мәселелері болып табылады. Егемендік, теңдік, тең құқылық және мемлекеттің ұлттық мүдделерін ескеру принциптері қамтамасыз етілді. Шарттың барлық деңгейдегі маңызды стратегиялық шешімдері қабылданған кезде консенсустың нақты тетігі қамтылатын болады. Бұл бір мемлекеттің басымдықта болатын мүмкіндіктеріне жол бермейді», — дейді заң жөнінде баяндаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Ал Парламент Сенатының Төрағасы Заңды еуразиялық интеграцияны ілгерілету жөніндегі Елбасы Н. Назарбаевтың кемеңгер бастамасын іс жүзінде дәлелдеген тарихи құжат ретінде атап өтті. «Еуразиялық экономикалық одақ — бұл терең экономикалық ынтымақтастықты көздейтін аса үлкен жоба. Одақ шеңберінде ортақ нарық құрылып, инвестициялар тартуда жаңа өндіріс орындарын ашуда, ең бастысы халықтың әл ауқатын арттыруда тың мүмкіндіктер туындайтынына сенім мол», — деді спикер Қ. Тоқаев.
Парламент қабылдаған Заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.
