"Мектептерге оқулықтарды уақытылы жеткізуде жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттырумен қатар оқулықтарды мемлекеттік сатып алу форматын өзгертуді және оқулық жеткізу мерзімдерін қысқарту мүмкіндігін қарастыруды, сондай-ақ әлеуетті тасымалдаушыларға қойылатын біліктілік талаптарды арттыруды ұсынамыз", деді білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов дүйсенбіде мәжілісте "үкіметтік сағат" барысында.
Мемлекеттік сатып алу туралы заңға орай, деді ол, оқулықты жеткізу қызметтері конкурстық процедура арқылы жүргізіледі. "Орташа алғанда конкурс жария етілген кезден бастап оқулық жеткізілгенше 50 күндей уақыт".
Демек, деді министр, мектептерді оқулықпен қамтамасыз ету шаруасын көктемде бастау керек. "Іс жүзінде конкурстар кеш өткізіледі, сол себепті оқулықтар уақтылы жеткізілмейді. Мәселен ондай жағдай биыл Ақмола, Қызылорда, Қостанай, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарында орын алып отыр. Кінәлілерге тәртіптік сипаттағы шаралар қолданды, деді ол.
Қазіргі уақытта көптеген елдер оқулықтарды жеткізу мерзімдері мен сапасын арттыру үшін оқу өндірісі мен логистика процесін бөліп отыр, деді ол.