Бұрын жатақхана болған бұл үйде қазір жылу жоқ. 50-ден астам отбасының пәтері құбырдан мүлдем ажыратылған. Алайда ақыны уақытымен төлейтіндер бұны түсінбей дал. Мәселен, жасы 70-тен асқан Ырысты Ақшалованың бір тиын берешегі жоқ екен. Десе де қара суықта жылытқыш құрылғыны құшақтап отыруға мәжбүр.
Ырысты Ақшалова, зейнеткер:
-Үйдің іші бәрі дымқыл болады. Көбінесе мына есікті жабамын да, мынаны қосып отырамын тығылып.Теледидар көріп отырамын.
Көршілес тұрған үйде де осындай жағдай. Жылдар бойы төлемнен жалтарып келгендер ақыры миллион теңге қарыз болып қалған. Жылу беретін мекеме ақыны өтемесе, оларды қоспаймыз деп қасарысып отыр. Себебі, осы қарыз кесірінен кәсіпорын жұмысшылары талай уақыттан бері жалақы ала алмай жүр екен.
Асхат Қосжанов, Семей қаласы әкімінің орынбасары:
-Жұмысшылар 2 айдың жалақысын әлі алмады. Қазір біз коммуналдық ақының түсу қарқынына қарай еңбекақы, жарық пен салық төлемдерін біртіндеп жауып жатырмыз.
Қарыз боп қалғандар берешегін беруге асығар емес. Ал қарызы жоқтары жылу болмаса, пәтер ішіне пеш орнатпақ ойда. Себебі электр құрылғыларын қосу қымбат. Бір айтары, қалада ондай тәжірибе бұрыннан бар. Мәселен, шаһар шетіндегі көпқабатты үйлер орталық құбырдан бас тартып, өздері от жағуда. Қауіпті болса да, басқа амалдары жоқ.
-Қаладағы жалғыз жылу беретін мекеме жарық пен суға жалпы сомасы 750 млн теңге қарыз. Оның үстіне салық төлемдерін қосыңыз. Алайда кәсіпорынның бас ауыртар мәселесі мұнымен шектелмейді. Шаһарда жылу құбырларының 80 пайызы тозған. Жергілікті әкімдік соны қалыпқа келтіру үшін республикалық қазынадан қаржы қарастырылса деп отыр.