Мәжіліске келген еліміздің бас энергетигінің айтуынша, бүгінде Ресейден Қазақстанға тасымалданатын бензин нарықта шамамен 30 пайызды құрайды. Үкімет шекті бағаны 109 теңге деп бекітсе де, кейбір өңірлер жанармай бағасын одан да арзандатып жіберген. Ал, бұл өз кезегінде елдегі 3 ірі алпауыт мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын тұралатып тастауы мүмкін екен. Дегенмен, Үкімет ақпан айында бензин бағасын тағы түсіреді деген Владимир Школьник мұнай магнаты — ұлы Игорьдің не істеп, не қойып жүргенінен мүлдем хабарсызбын деп азар да безер болды. Жақында Ресей басылымдары «Қазақстандық Школьниктің баласы жылына 7 миллион тоннаға дейін шығаратын Орскідегі алпауыт мұнай зауытын «Русснефтьке» сатып жіберді» деп жазған болатын.
Владимир Школьник, ҚР Энергетика министрі:
— Ұлым соңғы 3 жылда ештеңе сатқан жоқ, сатып та алмады. Бұл туралы жазған адамнан сұраңдар. Мен ұлымның ісіне араласпаймын.