Қыз-жігіттер партиядағы үлкендерден яғни, қазіргі саяси элитадан қалысар емес. Бұлар да көргенін істейді. Бәрі жалынды ұрандарын жаттап толқып жүр. Еліміздің барлық облысынан ат арытып жеткен 2 мыңнан астам жасотандықты Елбасы келгенше,танымал әнші жігерлендіруге тырысты. Ал Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайына кірген соң алдымен әнұран ойналды. Әдеттегідей әнұранды қосылып шырқаған президент ешкім мән бере қоймаған сәтті байқап қалыпты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Денис Тенді көріп қалдым . Әнұран ойналғанда залға қарап едім, Денистен басқаларың Туға қараған жоқсыңдар. Бұл оның әлемдік жарысқа қатысып жүргенінің пайдасы.
Олимпиада жүлдегерінің мерейін асырған мемлекет басшысы бұдан кейін жастарға нағыз шеберлік сағатын өткізді. Әлемдегі қырғи-қабақ соғыс, экономикалық дағдарысты еңсерудің жолын айта келе, мұнайға бай Қазақстан неге Еуропа, Америка болмаса Араб елдері секілді бай тұрмайды деген сауалға жауап берді. Сөйтсек, бұған мұхитқа шығар жолы жоқ, қуат көзіне көп шығын жұмсауымыз бен қатқыл климат себеп екен.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Мысалы, Астанадан екі қабатты үй салу, Малайзиямен салыстырғанда 10 есе қымбат. 2 метрлік қалың қабырға тұрғызып,қымтап,жылытуымыз қажет. Ал Малайзия ағаштан қорап үй соға салады. Себебі климаты қысы-жазы бірдей. Ал біз қала мен ауылдарға энергия көзін шығындап 7 ай жылу береміз. Одан қалды,жұрттың жылуға, киімге, тамақ алуына жететін жалақы төлеуіміз керек.
Сонымен қатар президент Ресейдің арзан тауары мен көлігін жаппай сатып алудан бас тартуға кеңес берді. Себебі бұдан отандық компаниялар мен онда істейтін жұмысшылар тақырға отырады екен.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Көлік пен тамақ шығаратын зауыттар банкротқа ұшырайды. Бұл кәсіпорындарда істейтін еңбеккерлердің айлығы азаяды. Тіпті арзан азық-түлік сатып ала алмайды. Мәселенің екінші жағы дегенім осы.
Экономикадан соң Назарбаев отансүйгіштік тақырыбына ауысты. Ислам туралы да сөз қозғап, діннің радикалдануына жол бермеуді қадап айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Экстремистік дін неге керек? Біз мұқият болуымыз керек. Біздің жастар мешітке көп барады. Онда тұрған жамандық жоқ. Егер шын таза көңілімен, жүрегімен барса әрине. Ал елдің бәрі барып жатыр деп, мешітке бір рет кіріп шығып,намаз оқып шыққан бәленің бәрін бүлдірсе не пайда одан?
Ал президенттің дәрісін тыңдап болған соң билік партиясының жас қолдаушылары арқаланып аянып қалған жоқ.«Жас отанға» мүше студент, жұмысшы, әнші, ақын бәрі Елбасыны мақтап, алдағы сайлауда дауыстарын беретіндерін айтты. Осы жерде Назарбаев та ағынан жарылды.
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
-Белгілі адамның айтқаны бар. Президент деген не? Бір сөздерді қайталап айта бересің деп. Есіме түседі, осыны айтқанда. Айта берген жөн, біреу естиді, біреу естімейді. Сайлауға қатысты қатысу қатыспауды көп ойладым.25 жылдан бері елді басқарып келе жатырмын. Үлкендеу бір қиналатын кемшілік жасадым деп ойламаймын.
Үш сағат бойы, Нұрсұлтан Назарбаевтың дәрісін тыңдаған қыз-жігіттер форумнан ерекше шабыттанып шықты. Әнін де арнады, күй де шертті. Тіпті соңында ұзаққа дейін жібермей жабыла суретке түсіп қалуға жанталасты. Президенттің өзі де бұл жиыннан жастардан жігер алып шыққанын жасырған жоқ.