Павлодар облысында жұрт ауыз суды сатып алуға мәжбүр - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+13 °C
Алматы
2026 Жыл
24 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодар облысында жұрт ауыз суды  сатып алуға мәжбүр

Павлодар облысында жұрт ауыз суды сатып алуға мәжбүр

Павлодар облысында ауыл жұрты суға жарымай отыр. Өйткені, төрт жыл бұрын орнатылған су тазартатын құрылғы бұзылып, борсыған су шығара бастапты. Енді тұрғындар тіршілік нәрінің бір құтысын 50 теңгеден сатып алуға мәжбүр. Жағдайы жоқтар арық суын ішеді. Ал жергілікті әкімдікте құрылғыны қайта жөндеуге қаржы жоқ.

  • 14 Сәуiр 2015
  • 228
Фото - Caravan.kz

-Бір айдан бері Сольветка ауылының тұрғындары ауыз судан қағылған. Бұған мына кешенді модульді блоктың істен шыққаны себеп. Құрылғы жөндеуден өткенше ауылдықтар суды арықтан тасып ішуге мәжбүр.

Ауыз су азабын әсіресе мектеп оқушылары тартуда. Ал бұл білім ошағы ауыл жұртын жұмыспен қамтып отырған жалғыз мекеме. Мектеп қызметкерлері бұзылған құрылғыдан аққан мына лас суды асханада да пайдалануға мәжбүр.

Светлана Ведерникова, Сольветка ауылының тұрғыны:

-Су таситын көлік қаладан аптасына бір рет келеді. Бұрын бір бөшкені 10 теңгеге сатып алсақ, қазір 50 теңге. Оны қалтамыз көтермейді. Өйткені, ауылда жұмыс жоқ. Жұмыссыз жұртта ақша қайдан болсын.

Тіршілік нәрін сатып алуға шамасы келмейтіндер арық суын ішуге мәжбүр. Оның өзі жаңа қондырғы шығарған дәрі саситын судан артық дейді жұрт. Ал әкімдікте бұзылған құрылғыны қайта жөндеуге қаржы жоқ. Десе де арнайы мамандарды шақыртып қойғанын айтып ақталғандай болды ауыл басшысы.

Мереке Дүйсенбі, Евгеньевка ауылдық аймағының әкімі

— Павлодар қаласынан мамандар келді, тексеріп зерттеді. Сынғанын фильтрынан көріп отырмыз енді. Соны ауыстыруға бірақ қаражат керек. Оны мәслихаттан сұраймыз.

Қыстай қар ерітіп, төрт түлігінің шөлін басқан ауылдықтар енді жақын маңдағы арықтан су тасып әлек. Өйткені, істен шыққан құрылғыдан аққан лас суды адам түгілі жануарлар да ішпей қойған.