«Құланөтпес өзенінде екпінді мұз көшкіні мен су ағыны салдарынан аудандық маңызы бар Ізенді-Соналы автожолында орналасқан Кеңжары ауылының көпірі бұзылды. Сондай -ақ Баршын-Тікенекті автожолындағы көпір қирады. Астана-Қорғалжын-Баршын-Шұбаркөл» автожолындағы көпір тіректерін су шайып кетті», — делінген Нұра ауданы әкімдігінің хабарламасында.
Бұдан басқа, 11-13 сәуірде ауданда қардың күрт еруі салдарынан тасқын су республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар автожолдардың 18 учаскесін зақымдады.
«Кеңжарық, Соналы, Құланөтпес, Баршын, Жанбөбек, Тікенекті, Талдысай, Тассуат елді мекендерімен көлік қатынасы үзілді. Электр тарату тіректерінің бұзылуына байланысты Жүкей, Соналы, Құланөтпес, Нығман, Ақтөбек, Амантау ауылдарында электр жарығы өшіп қалды», — деп хабарлады аудандық билік.
Бұқар Жырау ауданында Ботақора және Тоғызқұдық кенттері арасында орналасқан Нұра өзеніндегі Кузнецкий көпірі қирады.
«Бұл республикалық емес, жергілікті маңызы бар көпір. Көпірді су шайып кеткен. Қазір оны қалпына келтіру жобасын жасауымыз қажет. Бәлкім, өзгеше конструкциялармен жаңарту қажет болар», — деді журналистерге берген сұхбатында Қарағанды облысының әкімі Н. Әбдібеков.
Ол келешекте мұндай жағдайдың орын алмауы үшін конструкцияны нығайту қажет екенін айтты.
«Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр. Жолдарды, басқа инфрақұрылым нысандарын қалпына келтіру қажет, — деп атап өтті өңір басшысы. — Қазір талдау жүргізілуде. Соңғы рет аралап өткен кезде жолдардағы жұмыс көлемін бақыладық. 3 шақырымға дейін су басқан. Әзірге баға бере алмаймыз, себебі су әлі де толастаған жоқ».
Алдын ала деректер бойынша, 25-30 шақырымдай жолды қалпына келтіру қажет.
Биліктің ақпаратына сүйенсек, табиғи сипаттағы төтенше жағдай режімі Абай, Осакаровка аудандарында жарияланды.
Мұз құрсауының алдын алу үшін Осакаровка, Нұра аудандарының бірқатар өзендерінде жару жұмыстары жүргізілді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Қарағанды облысында 23 наурыздан бастап 67 су тасу оқиғасы тіркелді. Абай, Қарқаралы, Жаңаарқа, Шет, Бұқар Жырау аудандарындағы өзен арналарында барынша күрделі жағдай қалыптасып отыр. 35 елді мекенді, 1760 үйді су басуы мүмкін, 1268 үй су астында қалды. 6500-дей адам қауіпсіз жерге көшірілді.
340 бас мал өлім-жітімі тіркеліп, 25 мыңнан астам мал қауіпсіз жерге жеткізілді.