Осындай тасқынның боларын ақпан айында білген құтқарушылар бұл біз үшін тосын оқиға емес деп отыр. Бірақ, дәл осылай қызыл судың жолындағысының бәрін жайпап өтетінін сезбеген секілді. Қазір Қарағанды, Ақмола, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы елуден астам ауылды су басып жатыр. Бұл сан күн сайын жаңа елді-мекендермен толығуда. Анығы – ел бойынша 1150 үй судың астында қалды. Қырылған малды айтпағанда, жолдарды су шайып, 5 көпір қираған.
Ал құтқарылған 11 мыңнан астам адамның көбі қазір мектеп пен қонақүйлерді паналап жүр. Қарағанды облысының қызыл судан зардап шеккен аймақтарындағы қонақүйлер қазір адамдарға лық толы. Қаза тапқандар да жоқ емес. Жас жігіт тасып жатқан Нұра өзеніне секіріп қайтыс болған. Қазір оның психдиспансерде тіркеуде тұрған тұрмағаны тексеріліп жатыр. Құтқарушыларға қиындық туғызып отырғаны ұрылардан қорыққан кейбір тұрғындардың үйін тастап шыққысы келмейтіні. Алайда, Ішкі Істер министрлігі баспананы полицейлердің күзетіп тұрғанын айтуда.
Бір қызығы, көмек күткен халық, шенеуніктің өзін құтқарды. Мәселен, Ақмола облысы Ерейментау ауданының әкімі Ермек Нұғманов жұрттың жағдайын білмек боп джипімен жолға шыққанда тасқынға тап болған. Үш сағат бойы, жол талғамайтын көлігінің төбесінде отырған әкімді қайықпен келіп, тұрғындар құтқарып алыпты.
Владимир Божко, ҚР Ішкі Істер вице-министрі:
-Мемлекетке тиесілі джип мені толғандырып отырған жоқ. Құдай сақтап, әкім суға кеткен жоқ. Ол өз өмірін қатерге тігіп, ауылдарды аралап көрмек болды ғой. Осындай жауапты адамдардың барына шүкір.
Сонымен қатар еліміздің бас құтқарушысы ағын су тазарту құрылғыларын басып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды. Ал ауыз суды ішу зиян деп елді-дүрліктіріп жүргендерді жазалауға уәде етті.
Сондай-ақ, Владимир Божко арнасынан асқан Нұра өзенінің суы Астанаға қарай жақындап қалғанын мойындады. Тіпті Елорда іргесіндегі ондаған ауылды су басып қалу мүмкін екенін де жасырған жоқ. Ал бас қаланы қызыл судың жайлауы мүмкін емес екен. Өйткені, сол жағалауды салу кезінде, әуежай жақтан арнайы бөгет тұрғызылған. Осы бөгет Астананы осымен үшінші рет құтқармақ деді Божко.