200 алматылыққа пәтер кілттерін тапсырды. Соғыс ардагерлері, көпбалалы аналар, жетім балалар, өндірісте қаза болғандардың отбасылары, білім беру, денсаулық сақтау, құқық қорғау салаларының қызметкерлері мен жас жанұялар жаңа қоныс иелері атанды.
«Ұлы күн — Жеңістің 70 жылдығы жақындап келеді. Осыған орай, Президенттің тапсырмасы бойынша елімізде үлкен шаралар жүріп жатыр. Бір ескеретін жайт, бұрынғы Кеңес одағының құрамында болған кейбір республикаларда бұл күн атап өтілмейді. Сіздер көрсеткен қаһармандық пен өшпес ерліктеріңіздің даңқы қазақстандықтардың жадында мәңгі сақталып, ұрпақтан-ұраққа жалғаса береді», — деді өз сөзінде қала басшысы.
Сонымен қатар, Ахметжан Есімов Алматыда Ұлы Отан соғысы ардагерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі толығымен шешілгендігін жеткізді.
«Мемлекет басшысының қабылданған арнайы өкіміне сәйкес, жыл сайын соғыс ардагерлеріне қажетті барлық жағдайлар жасалуда. Осыдан бес жыл Алматыда тұратын Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің пәтер мәселесі толық шешілген болатын. Содан бері қарай да Алматыға еліміздің өзге өңірлерінен келгендер бар. Міне, бүгін қалған ардагерлердің тұрғын үй мәселесін толық шешіп отырмыз», — деді Ахметжан Есімов.
Қала әкімі жаңа үйге қоныстанушыларды Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтады және ардагерлерге ерен ерліктері үшін алғыс білдірді, оларға денсаулық пен баянды өмір тіледі.