Алатау ауылындағы бастауыш мектеп бір жылдан бері 10 баланы дені сау емес деп тіркеп оқытып жатыр. Мұны кездейсоқ білген ата-аналар балаларының ақылы орнында екенін айтып шырылдап жүр. Инклюзивті сыныпқа ауыстыру үшін ата-аналарының өтініші қажет. Ал, білім ошағының басшысы бұл туралы білгеніміз де жоқ деп отыр. Екі баласы инклюзивте оқып жатқан Рая Жамалова бұл сыныпқа өткелі бері балаларының сабағы нашарлап кетті дейді.
Рая Жамалова, Шардара ауданының тұрғыны:
-Үміт күтіп отырған балаларымды осы мектепте оқытып, үлкен жерден көргім келеді осы екі баламды да. Үмітімді сөндіріп отыр осы Ержан директорымыз. Мен осы баламды деген Шымкентке апарып басын да түсіртіп келдім. Ешқандай ауруы жоқ. Дені сау деген. Мұны сот арқылы шешесіңдер дейді. Кімге апарсаң құжаттан шошып кетеді.
Ал, бұл сыныпта оқитын оқушылардың өзі мектепке келгісі келмейді. Инклюзив деген бұл мектепте қазір есалаң дегеннің синониміне айналыпты.
Қайрат Сарқытбай, 4 сынып оқушысы:
-Инклюзивті класта оқисың, жындысың дейді.
Мектеп директоры инклюзивті сыныпты облыс басшылығының бұйрығы бойынша ашқандарын айтады. Эксперименталды сыныпқа көк тиын да, қосымша маман да бөлінбеген екен. Десе де, инклюзивті сыныпқа ауыстырлған балалардың оқу үлгерімі жақсарғанын мақтан тұтып отыр.
Ержан Көшенов, Шардара аудандық №3 мектебінің директоры:
-25 пайыз еді бірінші тоқсанда, үшінші тоқсанда 46,2 пайызға жетті үлгерімі оқушының. Ешқандай төмендеген оқушы жоқ. Түсіну керек, бұл оқушыға үлкен жәрдем қайта. Бұл кісілерге түсіндіру жұмыстарын жүргіздім. Бұл кісілерге бірақ, түсіну қажет болмады ма түсінбеді.
4 айдан бері ауданнан бастап, Астанаға дейін жазған ата-ананың арызынан кейін білім бөлімі мектеп басшылығына түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбегені үшін ескерту жасапты. Есесіне, бұған өкпелеген директор орынбасары енді оқушылардың әке-шешесін ар-намысымды таптады деп соттан миллион теңге өндіруді талап етіп отыр. Айта кетсек, инклюзивті білімге қатысты дау бұған дейін Түлкібас ауданында да болған. Ол кезде де ата-аналар жаппай қарсы шығып еді.