Ақтөбе облысында малына жайылым таппаған жұрт шу шығарды - kaz.caravan.kz
  • $ 470.8
  • 545.99
+20 °C
Алматы
2026 Жыл
24 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақтөбе облысында малына жайылым таппаған жұрт шу шығарды

Ақтөбе облысында малына жайылым таппаған жұрт шу шығарды

Ақтөбе облысында төрт түлігіне жайылым таппай тарыққан жұрт наразылық білдірді. Талдысай ауылы тұрғындарының айтуынша, маңайдағы жерді әкім-қаралар оңды-солды сатып жіберген. Соның кесірінен енді мал ауыл арасынан сыртқа аттап баспайды. Жайылымға бола аудан басшыларының да бас қатырғысы жоқ.

  • 18 Сәуiр 2015
  • 291
Фото - Caravan.kz

Алға ауданына қарайтын Талдысай ауылының тұрғындары төрт түлікпен жан бағып отыр. Әйтсе де, қазір қолда мал ұстау мұнда қиын. Еркіне жіберуге, елді-мекен маңында жайылым қалмаған.

Балмағанбет Оспанов, Талдысай ауылының тұрғыны:

-Мал жаяйық десек мына ауылдың айналасын бәрін беріп қойған. Мал жаятын жер жоқ. Әкімге барсақ,   жер беретін Айымбетов Бақытжан деген деп сілтейді.  Жер таратылып кетті деп сөзден қашады.

Бұл ауылдың малы көк шықса да шетінен көтерем. Өйткені ауыл ішінен аттап шықпағандықтан қоң жинамайды. Жекенің жеріне тұяғы тисе, иесі сотқа сүйрейді.

-Алға қаласының іргесіндегі мына жатқан Талдысай ауылын іздеп табу қиямет. Себебі мұнда апаратын жөнді жол да, тіпті елді-мекенді бағадралап көрсетіп тұратын арнайы белгі де жоқ.

Жұрт жайылым жырын айтып, талай бастыққа барғанымен нәтиже жоқ. Қайта жергілікті биліктегілер ауылдың болашағы жоқ деп қолдарын бір-ақ сілтепті.

Айгүл Мұқанов, Талдысай ауылының тұрғыны:

-Әкімнің алдына өткенде өзім де бардым. Болашағы жоқ ауылдың деп қарап отыр.  2015-2016 жылға  дейін адамдар тұрса тұрады, тұрмаса өздері үшін кетеді деді.

Шенеуніктер жайылымның түгелдей сатылып, ауыл малы үшін сор мен батпақты жер ғана қалғанын жасырмайды. Енді жайылымды кеңейту үшін жерін игере алмаған кәсіпкерлерді іздеу керек деп отыр.

Болат Серіков, Тамды ауылдық әкімдігінің бас маманы:

-Көбісі сол шаруашылық қожалықтарының қолында. Енді оның жұмыс істейтіндері бар, жұмыс істемейтіндері де бар. Енді алдағы уақытта қайтарамыз мемлекеттік қорға деп ойлаймын.

Жүз қаралы шаңырағы бар талдысайлықтар жайылымнан тарықса да туған жерлерін тастап кеткілері жоқ. Енді жерді даулап сотқа арызданбақшы.