Жаппай шырша егу шарасына Іле Алатауы ұлттық паркінің жұмысшылары мен еріктілер тартылған. Бірақ көгалдандыру жұмысы тек көшет отырғызумен бітпейді. Жасыл желекті енді түрлі аурулардан қорғап, күтіп-баптау қажет. 2011 жылы Іле Алатауы паркіне қарасты 480 гектар орманды алқап дүлей дауылдан қираса, бір жылдан кейін Мохнатка шатқалының 21 гектары түгел өртеніп кеткен болатын. Тек сол жалаңаш қалған жоталарды жасыл желекпен қайта көмкеру үшін кемі жарты ғасырдан артық уақыт қажет екен.
Мәрлен Айнабеков, Іле Алатауы ұлттық паркінің бас директоры:
– 50 жылда бұрынғы орнына келетін шығар. 2011 жылдан жұмыс істеп жатырмыз.Ағашты отырғызғаннан кейін оған әрине күтім керек. 1 аптадай суару қажет, шөптеу керек. Күзде он тамыр жая алды ма соны тексеру қажет.