Бұл желтоқсан айында түсірілген кадрлар. Қақаған қыс ортасында Семейдің Шығыс ықшамауданы қызыл судың астында қалған. Ертіс арнасынан асып, түн ортасында 30 үйге кірді. Су қайтқанымен, жұрттың көңілі қазір күпті. Себебі, тасқыннан кейін баспаналарға зақым келген.
-Еден ортасына түсті. Кафельдер қирап қалды.
Арнасынан асқан өзеннің екпінінен, әсіресе, Лилия Қайырбекованың баспанасы қатты бүлінген. Қабырғалары қақырап, сыз тартып, құлағалы тұр. Үйін тексеруге келген сарапшылар мұнда тұру аса қауіпті деген.
Лилия Қайырбекова, Семей қаласының тұрғыны:
-Үш балам бар, көше кезіп жүрем бе? Мен әдейі несие алып, үй тұрғыздым. Енді үлкен қарызым қалды, баспанам жоқ! Не істеймін?
Тасқыннан кейін әкімдіктегілер өтемақы қарастырамыз деп ант-су ішкен. Алайда тұрғындар арада бірнеше ай өтсе де еш өзгеріс болған жоқ дейді. Енді қол жинап облыстық әкімдікке шағым дайындап жатыр.
Тұрғали Шаяхметов, Семей қаласының тұрғыны:
-Уәде берілді, 2 рет келген. Тезірек құнын шығарыпқұжат әзірлеңдер деп. Түгелін өткіздік, 3-4 ай болды, әлі жоқ!
Әкімдіктегілер жағдайға қатысты түсінік беруге уақыт таппады. Қазір Ертістің суы еріген қармен толығып, ағыны күшейген.
-Желтоқсандағы тасқыннан қорқып қалған жұрт Ертіс жағалауын кезектесіп бақылауға көшкен. Арнасы толған өзен тағы бір толқынмен баспаналарын шая ма деген үрейде. Апатты болдырмас үшін жағалауда бөгет орнатып беруді сұрап отыр.