Бұл кісілер «Алматы-бетон» компаниясынан жүз мыңдаған жалақыларын былтырдан бері ала алмай жүр. Кәсіпорын олардың әрқайсысына жарты миллион теңгеге дейін қарыз.
Мәди Жұбаев, жүк көлігінің жүргізушісі:
-Әркімнің бала-шағасы бар, несиелері бар. Мен үш ай жұмыс істемегенде қанша қиналып кеттім. Бермейді, ақшаны. Бетіңе қарап күледі, соттаса беріңдер дейді.
Жүргізушісі бар, өзгесі бар жүзге тарта жұмысшының алдындағы компанияның қарызы 60 миллион теңгеден асқан. Шыдамы таусылған жұрт бүгін тағы базынасын айтып кеңсе алдына жиналды. Бір уақытта кәсіпорынның атқарушы директоры да төбе көрсетті. Мінген көлігіне қарап, «Алматы-бетонның» хәлі мүшкіл деуге ауыз бармайды екен. Ал ашынған жұмысшылар басшының бөлмесіне кіріп өзіне тап берді.
-Сен өзің білесің менің мүгедек қызым бар екенін. Сол ақша үшін ай сайын ереуілге шығуымыз керек па? Ереуілдемесек, айлық бермейсің Айтжан. Мойындасаңшы.
Десе де, басшының бар шындықты ашып айтуына тура келді. Алматы қалалық экономикалық сотының шешіміне сай, компания қазір жұмысын тоқтатқан екен.
Айтжан Ысқақов, «Алматы-бетон» компаниясының атқарушы директоры:
-Кассамыз бен есеп-шотымыз сот шешіміне байланысты бұғатталған. Сондықтан жалақыларыңызды төлей алмаймын. Бізге ешқандай ақша түсіп жатқан жоқ.
Бірақ бұл жер жұмысын тоқтатқанға тіптен ұқсамайды. Бетон араластырғыш ауыр техникалар артатын жүктерін тосып, қаз-қатар тізіліп тұр.
-Мекеме басшысы мына көліктер бізге тиесілі емес, біз тек жалға алғанбыз деп өздеріне шаң жуытар емес. Алайда, шикізат дайын, бетон араластырылуда, ал арқасында «Алматы бетон» деген жазуы бар көліктер оны құйып алып, құрылыс алаңдарына әкетіп жатыр.
Дегенмен, жалақысын даулап жүрген жұмысшылардың бас ауруы бұл емес. Қарыз ақшаларын күтіп күн санап жүр. Ал компанияның есеп-шоты қашан ашылады, жұрттың жалақысы қашан беріледі, ол белгісіз күйінде қалды.