Текелідегі мәрмәр зауыты жұрттың мазасын алуда - kaz.caravan.kz
  • $ 442.05
  • 474.14
+13 °C
Алматы
2024 Жыл
30 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Текелідегі мәрмәр зауыты жұрттың мазасын алуда

Текелідегі мәрмәр зауыты жұрттың мазасын алуда

Текелі қаласының тұрғындары айналаның шаңын көтеріп, түнде ұйқыдан айырған кәсіпорынның үздіксіз жұмыс істеуіне қарсылық білдірді. Әңгіме мәрмәр өңдеу зауытына қатысты болып тұр. Күндіз-түні өшпейтін ауыр техниканы айтпағанда, оның кесірінен бау-бақшаның барлығы шаңға көміліп қалған. Жұрт 4 жылдан бері шағымданып жүргенімен, атқамінерлер еш шара қолданып жатқан жоқ. Бұл шаруасы дөңгелеп тұрған зауыттан түсетін салық жергілікті бюджеттің қоржынын қампайтып жатқаннан болар дейді.

  • 14 Тамыз 2015
  • 325
Фото - Caravan.kz

Үйінің іргесінде орналасқан кәсіпорын текеліліктердің құтын қашырған. Тыныстарының тарылуына мәрмәр өндіретін нысан себепкер болыпты. Тау жынысын ұсақ бөлшектерге ыдырату кезінде шаң көтеріліп, жақын маңдағы бау-бақшадағы дақылдардың барлығына қонады екен. Ол аздай, ауыр техниканың жұмысы түнгі уақытта да тоқтамайтын көрінеді.

Светлана Авраменко, Текелі қаласының тұрғыны:

— Бұл кәсіпорынның жабылмайтынын жақсы білеміз. Себебі, одан түсетін салық қала қазынасын толтырып отыр. Біз тек түнде тыныштық берсе екен дейміз.

Бір қызығы, бүгін зауыттағы тірлік тоқтап қалған. Бәлкім, қонақтардың келетінін білген шығар. Тіпті айналаға арнайы су шашылып, шаң да басылыпты. Бірақ кәсіпорын басшылығы бұның уақытша тыныштық екенін жасырмады. Қала сыртына көшу үшін қаржы жоқ, сондықтан көршілерге қолайсыздық тудырмаудың өзге жолдарын қарастырыпты.

Мұхамеджан Қапсаламов, «Мрамортас» серіктестігінің атқарушы директоры:

— Водоканалдан техусловия алып, отдельный гидранттан мына аймақтың барлығын суғарып, шаңды мейлінше болғызбауға тырысып жатырмыз. Енді оның барлығына тұрғындарға айтарымыз кәсіпорын заңды түрде жұмыс істеп жатыр.

Бірақ жұрт не кәсіпкердің, не шенділердің сөзіне сенер емес. Олардың осы зауытпен алысқандарына төрт жылдан асқан. Әкімдіктегілер бұған бас қатырып отырған жоқ. Ал санитарлық дәрігерлер осы жағдайдан хабарсыз екен. Бірақ мәрмәр шығаратын зауттың жанында тұру денсаулыққа өте зиян екенін бірден айтты.


Ирина Ли, Алматы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің өкілі:

— Бұл нысан адамдарға қауіпті. Санитарлық қауіпсіз аймақ 300 метрді құрауы тиіс. Яғни тұрғын үйлер бұл жерден алшақ орналасуы қажет. Ұзақ уақыт бойы мәрмәр шаңын жұтқан адамның тыныс алу жолдары сыр береді.

Енді СЭС жұрттың мазасын алған кәсіпорынды тексеріп шықпақ. Егер қауіпсіздік талаптардың мүлдем орындалмай жатқаны анықталса, сот арқылы зауыттың жабылуын талап етпек. 

Соңғы жаңалықтар