Министр Арыстанбек Арыстан бабты бизнеске айналдырып отыр ма? - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Министр Арыстанбек Арыстан бабты бизнеске айналдырып отыр ма?

Министр Арыстанбек Арыстан бабты бизнеске айналдырып отыр ма?

Бизнестің де түр-түрі бар. Біреулер тауар алып-сатады, өзгелері түрлі қызмет көрсетуі мүмкін. Тіпті, кәсібін "сутенерлықтан" б

  • 7 Қыркүйек 2016
  • 846
Фото - Caravan.kz

Бизнестің де түр-түрі бар. Біреулер тауар алып-сатады, өзгелері түрлі қызмет көрсетуі мүмкін. Тіпті, кәсібін "сутенерлықтан" бастап, үлкен лауазымға жеткен шенділерді де кездестіруге болады. Ал, әруақтан ақша істеу, әулиені саудаға салу жақсы іс емес, деп жазады sn.kz медиа порталы.

Шынын айту керек, Қазақстанда туристік орындар саусақпен санарлық қана. Оның көбі әулиелі жерлер, яғни жұрт зиярат етіп келетін кесенелер мен өзге де қасиетті орындар. Ал, ең ірісі — Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи мен Үкәш атаның, Отырардағы Арыстан бабтың кесенелері. Бүгінде аталған орталықтар туристік нысанға емес, шенділердің бизнес көзіне айналғандай. Өйткені, зиярат етушілерден түсетін садақадан бөлек әрбір келуші кешенге кіру үшін ақша төлейді. Яғни, әулиеге дұғаны қалтасында ақшасы барлар ғана бағыштай алады.

Айта кету керек, жоғарыда аталған үш әулиенің кесенесі де ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарайды. Былтырлары оларға кіріп-шығу тегін болатын. Қазір адам басына 200 теңгеден. Күніне мұнда жүздеп емес, келушілер мыңдап келетіні белгілі. Демек, бұл да бизнестің үлкен бір қазаны. Ал, қазанның қақпағы кімнің қолында екені айтпаса да түсінікті шығар?!

Әулиелердің саудаға түскені оңтүстікқазақстандық белсенділердің де мазасын қашырғандай. Шымкенттен шығатын республикалық "Ел бірлігі" қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Мұхтар Мұхамбетжанның айтуынша, "Әзірет Сұлтан" қорық мұражайының басшылары Рабия сұлтан бегім кесенесінің дәл жанына сауда дүңгіршектерін орнатып қойған. Астанадан үлкен "қонақтар" келгенде оларды алдыртып тастайды екен.

"Мұның нахақ екенін өздері біледі. Білмесе Астанадан министрлер келерде алдыртып тастамас еді", — дейді М.Мұхамбетжан.

Арыстан бабқа кіруді ақылы еткендері өз алдына, Үкәш ата кесенесіндегі шырақшылардың уағыздары да көңілге күдік тудырады дейді ол өзінің Фэйсбуктегі парақшасында.


"Дін исламды біз әулиелер арқылы, тариқаттар арқылы таныдық, сіңірдік. Солай болып қаламыз да. Сондықтан киеміз бен қасиетімізге біреу лас қолын тықса, жүрегіңді жұлып алғандай арқырып шығатынымыз рас. Саусақпен санарлықтай, бар болғаны бес-алты жәдігеріміз бар зиярат ететін. Басшылар мықтап ойлансын. Дүниенің бәрін сатып, енді әулие-әмбиелерімізді де "кормушкаға" айналдырғаны — азғаны емей немене? Өздерін емес, дүйім елді, мемлекетті масқара еткені емей немене?", — дейді бас редактор.

Ол Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлынан "Әзірет сұлтан" мемлекеттік қорық-мұражайының директорын қызметтен қууды талап етіп отыр.

Ал, шымкенттік блогер Айгүл Орынбек болса өліден ақша істейтін министрді алғаш рет көріп отырғанын айтады.

"Молаға кіріп құран бағыштап шығу 200 теңге. Мәдениет және спорт министрі Арыстан мырзаның бұйрығымен "Арыстан баб" кесенесіне кіру 200 теңге болыпты. Басқаны көрсем де, өліктерден ақша істейтін министрді бірінші рет көруім. Туристік қала ретінде халықты тарта алмай жатсақ, бұл кісі сол жердің ауасын саудалауға дайын сияқты ғой. Əруақты сыйлайтын халық едік, өліктерді саудалайтын халыққа айналдық. Бəрін сатып, енді əулелерді сату қалды ма?", — дейді ол.

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлын бұған дейін Қазақстанның кино мамандары да "откат" алғыш деп айыптаған болатын. Режиссер Талғат Жәнібеков пен Қазақстан халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов журналистерге сұхбат беріп, министрдің "аппетиты" жайында айтып берген еді.