Қытай қазақтарының ұлт ретінде сақталып қалуына төнген қатер күшейіп барады - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-3 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Қытай қазақтарының ұлт ретінде сақталып қалуына төнген қатер күшейіп барады

Қытай қазақтарының ұлт ретінде сақталып қалуына төнген қатер күшейіп барады

Үкімет басына қазақылығы басым азаматтардың келуі шеттегі ағайындар мен елге келіп, азаматтық алуы қиындап кеткен қандастарды қуантып тастағаны белгілі. Ал көші-қон мәселесінің тікелей вице-премьер Иманғали Тасмағамбетовке жүктелуі жүктерін буып-түйіп отырған сырттағы қазақтардың үмітін одан бетер оятқандай.

  • 5 Қазан 2016
  • 4508
Фото - Caravan.kz

Бұл тұрғыда көші-қон мәселесімен бір кісідей айналысып жүрген ақын Ауыт Мұқибек мырзаның да айтары бар екен. Ол Caravan.kz медиа-порталына сұхбат берген еді.

— Жаңа Үкімет келгелі жаңа үміт пайда болды ма? Көші-қонға қатысты қандай жаңа ұсыныстарыңыз бар?

— Енді Үкімет ауысты. Ескі Үкімет кезінде-ақ көші-қон мәселесі қайтадан қалпына келтірілген. Жалпы, қөші-қон саясаты бұрынғы арнасына түсті. Жаңа қабылданған заңда тиімділік өте көп. Атап айтсақ, көшу кезіндегі жол шығынын өтеу, жер телімдерін беру. Бірақ өкінішке қарай осы жеңілдіктер толық атқарылмай жатыр. Ол жергілікті атқарушы органдардың құзыретіндегі мәселе. Яғни, облыс басшылары, аудан басшылары, ауылдық елді-мекендердің жұмысы. Қайталап айтайын, осы заң атқарылмай жатыр. "Көші-қон туралы" заңның 23-бабында оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары деген бар. Бірақ ешбір аудан осы жеңілдіктерді жасамай отыр.

— Жаңа Үкіметте көші-қон мәселесі премьер-министрдің орынбасары Иманғали Тасмағамбетовке жүктелді. Өзіне тікелей жеткізуге талпынып жатырсыздар ма?

— Иә, ол кісінің қабылдауына сұранып, хат жаздым. Жалпы, бұрын Тасмағамбетов, Балғымбаев, Терещенко үкіметі кезінде қазақ жылына 100 мыңдап келетін. Ал 2015 жылы көші-қонның тоқырағаны сондай, былтыр 9 айда бар жоғы 3 мың 12 адам келген. Бірақ биыл, құдайға шүкір жаңа заңның арқасында 2016 жылдың 6 айының өзінде 6 мың 840 отбасы оралды. Өткен жылмен салыстырғанда 5-6 есе көп. Демек, көші-қонда алға басу бар. Бірақ одан да жақсарту үшін заңдағы бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек.

Шынын айтайын, алыстан келетін ағайындар азын-аулақ квотаға қарап тұрған жоқ. Билік 2016 жылға 1256 отбасыға квота бөлген. Ал келген отбасы саны 6 мыңнан асады. Осылар маған квота бермеді деп өкпелеп жатқан жоқ.

фото: alashainasy.kzфото: alashainasy.kz
— Бәлкім, шеттен көшіп келген қандастардан сотталмағаны жөнінде анықтама талап етудің күшін жоюдың мүмкіндігі енді туған шығар

— Өте дұрыс, ол мәселе күн тәртібінен түскен емес.Бұл Үкіметке де осы мәселені жеткізу ойда бар.

— Көшіп келуге ниет білдіріп отырған ағайындардың үлесі қай мемлекеттен басым?

— Өзбекстан екі бастан белгілі. Олар баяғыдан көш бастап тұр. Бірақ соңғы жылдары Қытай қазақтарының ынтасы бұрынғыдан да арта түскен. Мәселен, 6 айда көшіп келгендер арасында Моңғолиядан көрі Қытай қазақтарының үлесі басым. 23 пайызға шығыпты.

— Оған не себеп, осы заңның жеңілдеуі ме, әлде Қытай үкіметі тарапынан ондағы қазаққа жасалып жатқан қысымның күшейгені ме?

— Оған екі жақты қарау керек. Біріншіден еліміздегі көші-қон заңының түзеле бастағаны себеп. Екіншіден қытайдағы қазақтардың ұлт ретінде сақталып қалуы өте қиындап кетті. Ол үшін Қытай үкіметін сөге алмайсыз. Мемлекет өз саясатын жүргізеді. Әрбірден соң, 1 млн 600 мың қазақ бұл ел үшін түк те емес. Оған бол мектеп ашып, газет шығару қытай билігі үшін артық дүние.Сондықтан Қытайда біртектілену мәселесі қатты жүріп жатыр. Арғы беттегі ағайындармен, осында көшіп келіп жатқандарымен көп сөйлесемін. Сондағы олардың қорқынышы ұлт ретінде жойылып кетуі. Қазыр қазақ қоныстанған аудандардың бәрі ішкі қытайдағы азаматтармен толтырылып, мал бағатын аудандарда жер де қалмай бара жатыр. Сондықтан ондағы қазақтардың Қазақстаннан басқа үміті жоқ.

— Қытайдың ішкі аудандарынан қазақ аймақтарына қоныс аударған ханзулардың пайыздық көрсеткіші белгілі ме?

— Қазір нақты қанша екенін айта алмаймын. Бірақ өте көптеп келуде. Ол Қытайдың стратегиялық бағыты. Өйткені ішкі аудандардағы қытайда сыртқа жіберуге үкімет мүдделі.Тіпті шетелдерге де барынша таратуға мүдделі. Ол сотталмағандығы туралы мәселе бойынша жазған хатыма берген жауап хатта да айтылған. Қытай шетелдерге қытай азаматтарын шығаруға мүдделі.Яғни азаматтарын шетелге кетуге барынша жеңілдетіп қойған.

— Жергілікті атқарушы органдар тарапынан көші-қон заңын тиісінше орындау, жалпы оралмандар мәселесін шешу жаңа Үкімет кезінде жақсы қарқын алады дегенге сенесіз бе.

— Өте сенемін. Алматы облысында үш азаматтың қапияда оққа ұшқаны елді дүр сілкіндірді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа премьер Бақытжан Сағынтаев ішкі істер министріне сұрақ қойып, өзінің бақылауына алуы туралы тапсырма беруі, жаңа үкіметтің шеттен келетін ағайындар мен көші-қон мәселесіне деген көзқарасын білдіріп, зор бетбұрыс болғанын айғақтайды. Сондай-ақ, ақсап тұрған мәселелердің Иманғали Тасмағамбетовке жүктелуі біздің үмітімізді одан ары үрлей түсті. Сондықтан, енді көші-қонға жан бітетін секілді.