Павлодар қаласының орталық жағалауында құны 5,4 млн теңгенің дәретханасы ашылды. Ақылы «қызмет» көрсететін нысан мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой көтерді, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.
Павлодар қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Асылхан Көпешевтің айтуынша, дәретхананы салу барысында 2 млн теңгеге жуық қаржыны үнемдеуге мүмкіндік туды.
«Биодәретхана құрылысымен жергілікті «Партнер-ПВ» фирмасы айналысты. Қазіргі таңда нысанға кәріз, су және жылу желілері тартылды. Айта кетерлігі, дәретханаға жағымсыз иісті тартып алатын арнайы құрал орнатылды. Материалдардың барлығы шетелден тасымалданды. Қазіргі таңда нысанды балансқа беру жұмысы атқарылып жатыр», – дейді Асылхан Көпешев.+
Айта кетейік, биотуалеттің қауіпсіздігін жергілікті тәртіп сақшылары қамтамасыз етпек. Жаңа нысан күнделікті түнгі сағат 23.00-ге дейін жұмыс істейді. Әзірге қызмет бағасы анықталған жоқ. Алдағы уақытта осы тектес нысандар облыс орталығының ірі саяжайларында тұрғызылмақ.