Немістер қымызды біздікі деп алыпты. Қай ата-бабасы жылқы бақты екен? - Жағда Бабалықұлы - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-4 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Немістер қымызды біздікі деп алыпты. Қай ата-бабасы жылқы бақты екен? - Жағда Бабалықұлы

Немістер қымызды біздікі деп алыпты. Қай ата-бабасы жылқы бақты екен? - Жағда Бабалықұлы

Белгілі ақын Қасымхан Бегманов әлеуметтік желіде тарихшы, этнограф-ғалым, қоғам қайраткері Жағда Бабалықұлының ұлттық құндылықтар туралы айтып отырған шағын видеосын жариялады. Оны ақынның "Этнографпен əңгіме" кітабын жазып жүрген кездегі кезекті бір сұхбаты барысында журналист Еркін Шәкірұлы түсіріп алыпты.

  • 18 Қараша 2016
  • 2463
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлады.

Онда Жағда Бабалықұлы "Немістер қымызды біздікі деп алыпты. Қай ата-бабасы жылқы бақты екен? Азия құрлығында, Еуропасын қос, маған десе әлемді қос, қазақтай жылқыны көп баққан ешкім жоқ. 20-шы ғасырдың бас кезінде қазақта 20 миллион жылқы, 120 миллион қой болған" дейді.  

Жағда Бабалықұлы 1917 жылы 1 қарашада Қытайдағы Іле Қазақ автономиялық облысы Тарбағатай аймағының Құжыртай деген қыстауында дүниеге келген. Бала кезінде мал бағып, діни оқу да оқыған.

1934-1943 жылдары бастауышты Тарбағатай аймағының орталығы Шәуешек қаласындағы орта мектепте бітірген. 1943 жылы Үрімжі қаласындағы Шыңжаң пединститутының студенті болған.

Студент кезінде Ұлт-азаттық ұйым құрғаны үшін  1944 жылы Шың Шысай, 1945 жылы У Жың Шың үкіметі түрмесінде қамауда болды.

1945 жылы 5 сәуірде түрмеден шығарылып, Үрімжіде қатаң бақылауда болған. Бірақ Жағда бұл жерденқашып шығып, Шәуешек қаласына барып тағы да, Ұлт-азаттық ұйым жұмысына қатынасады.Қарулы партизан тобын ұйымдастырады.

1944 жылдың қараша айында Іле аймағында құрылған Шығыс Түркістан республикасының көтерген көк туының астына шоғырлануды армандаған Жағда Бабалықұлы 1945 жылдың тамызында ұлт-азаттық армиясының «Тарбағатай» атты полкін құрған.Содан бастап армия қатарында әртүрлі дәрежелі жауапты қызметтер атқарған. Полк командирінің орынбасары да болған. 1947 жылы Шығыс Түркістан республикасының әскери түрмесінде сегіз ай отырған. Түрмеден ақталып шыққан соң ұлт-азаттық армиясының саяси басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарған.Әскери атағы – подполковник.

1949 жылы Қытай компартияның қол астына кіргенде Қытай халық азаттық армиясының ШҰАР-дағы әскери сот төрағасының орынбасары, ШҰАР партия мектебі бастығының орынбасары тәрізді жауапты қызметтер атқарған.

1952-1955 жылдары ШҰАР Іле Қазақ автономиялы облысы Тарбағатай аймағының әкімі, 1955-1956 жылдарыШҰАР үкіметінің саясм заң басқарма бастығының орынбасары, 1956-1958 жылдары ҚХР-ШҰАР Іле Қазақ автономиялы облысын басқарған.

1958-1961 жылдары «ұлтшыл, оңшыл, үш отау түтінін бір жерден шығаруды армандаған, социализмге, коммунизмге қарсы элемент» деген желеумекн еңбекпен тәрбиелеу лагеріне жіберілген.

1961 жылдың қыркүйек айында лагерьден шығарылған соң, бала-шағасымен Қазақстанға өткен. 1961-1962 жылдары баспанасыз жүріп, мал баққан, әртүрлі құрылыстарда істеген, пошта тасыған. 1963-1983 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналында әдеби қызметкер болған. 1983 жылы зейнеткерлікке шыққан. Тарихқа, салт-дәстүрімізге, туған тілімізге қатысты этнографиялық зерттеу мақалаларын баспасөзде үнемі жариялап тұрған. 1987 жылы Советқазы Ақатаймен бірге Қазақстанның азаматтық «Азат» қозғалысын құруға белсене қатысқан.  Жалпы Жағда Бабалықұлының өмірі өте күрделі өтті. 1944-1961 жылдар ішінде төрт рет түрмеде, 1961-1991 жылдары арасында «Қытай жансызы, ұлтшыл, оңшыл, өте қауіпті элемент»  деген қатаң бақылаудың құрсауында өмірсүрді.

Кейінгілерге «Менің басыма қойылатын тасқа «Тәуелсіздікті көрдім. Мәңгілік тілеймін!»деген сөзді жазыңдар» деп өз аманатын қалдырған.

«Қырандар», «Саят», «Мал ауруларының сырлары», «Қамшыгерлік» атты кітаптары жарық көрген.

Халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, көне мәдениеті, ескі сөздері, ұлттық киімі, тағамдары, ырым-тыйымдары, тағы басқа көптеген ұлттық құндылықтарымыз жайлы Жағда Бабалықұлының сыр шерткен әсерлі әңгімесі «Дәстүр» баспасынан шыққан Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» және «Өлке» баспасынан «Халқы мықтының– салты мықты» атты кітаптарында толық жарияланды.

Ғұлама шежіреші, энциоклопедист ғалым, данышпан қария, халқының жоғын жоқтап, жанашыыр бола білген Жағда Бабалықұлы 2010 жылғы сәуірдің екісінен үшіне қараған түні, 92 жастан асқан шағында өмірден өтті. Абыз өз аманаты  бойынша Ұзынағаштың іргесіндегі Қарасу жақтағы Сарыбай би ауылындағы бейітке жерленді.


Жағда ағам, Жағда Бабалықұлының ғазиз дауысы, əзиз келбеті осындай болатын. Бұл көріністі журналист Еркін Шəкірұлы Жағда ағамен мен "Этнографпен əңгіме" кітабын жазып жүргендегі кезекті бір сұхбатты таспаға түсіріп апты. Еркін Шəкірұлы менің өмірден ерте өткен туған əпекемнің ұлы. Ата-анадан ерте айырылған, қаршадайынан өте көп оқыған, оқығанын көкірегіне тоқыған туған жиенім. Еркіннің Казгудің журналистика факультетінде білім алуына, сонау студент кезінде ұлттық телеканалға қызметке тұруына септігім тигеніне бақыттымын. Бұның бəрі өмірден ерте өткен əпекемнің алдындағы парызымды адал атқару ғана болатын. Қазір келінім Альбина, Астанада тұратын құда-құдағиларым бəрі қалап, атын маған қойғызған Əлихан есімді бөбегіміз өсіп келеді. Сəби Əлихан Əлекеңдей ,Əлихан Бөкейхандай, М. Шоқайдай, сосын осы Жағда аталарындай мемлекетшіл болсын деп ырымдағанбыз. Жас журналист Еркін Шəкірұлы менімен бірге "Мұстафа Шоқай жолымен", -атты экспедицияны бастан-аяқ, Наршоқы, Қызылорда,Ташкент, Қоқан, Фергана, Питер, Баку, Тибилиси, Кутайси, Батуми, Стамбұл, Париж, Ножан-Сюр-Марн, Шелль, Фонтеплуно, Берлин, Алматы арасындағы мыңдаған шақырымдық ұзақ жолдарды жүріп өтті. Жаныма жалау болды. Ал, Жағда Бабалықұлымен сыр-сұхбатыма ара- арасында қатысты. Ол Еркіннің тіпті жас, бозбала кезі, сұрқай, көңілсіз ұзақ-ұзақ сұхбаттарға кейде барғысы келмей, сылтау айтып, ары-бері қиқаңдағанына қарамастан бірге барасың деп оған қатал талап қоятынмын. Ондағы ойым журналист, қаламгер ретінде шыңдала берсін, көргенін көкірегіне тоқи берсін дегендік еді. Сол Еркін менің үмітімді ақтады. Астанада тұрады, ұлттық арнаның таңертеңгі "Таңшолпан" бағдарламасында абыройлы еңбек етіп жүр. "Көке",- деп келінім, Əлекең үшеуі қол ұстасып Астанаға барғанымда алдымнан шығады. Бағалай алғанға бұл да бір бақыт екен. О, дүниеге барғанда əпекемнің алдында "қысылмайтын" шығармын. Ал Жағда Бабалықұлы, Əлихан Бөкейхан мен М. Шоқайдай таңғажайып мемлекетшіл тұлға болатын. Негізі өз басым қазақтың осынау үш перзенттерінің жаратылыстарынан ортақ бір ұқсастықтарды табамын.Тұлға болғанда қандай. Телегей-теңіз энцеклопедиялық білім иесі. Жатыры алтын асыл анадан қазақ боп дүниеге келген ұлт мақтанышы. Ұлы күрескер менің Жағдам, қазақтың аяулы перзентінің, дарынды журналист Еркін Шəкірұлы түсіріп алған асыл бейнесін көріп, сөзін тыңдаңыздар! Мен бұл сұхбаттың жартысынан астамын "Этнографпен əнгімеде" баяндағам. Реті келсе, ұлттың ардақты перзентінің аяулы есімін Құрандарыңызға қосыңыздар. Жатқан жері жайлы болсын. Сіз менің жүрегімдесіз, Аға!

Posted by Қасымхан Бегманов on Thursday, November 17, 2016